ТКШ

Тұрғындар өз аулаларын абаттандыруда

 

 

 

Бұл аулаға аяқ басқан жан тұрғын үйге емес шипажайға келгендей әсер алады. Шынымен де орамның керемет көрінісі көздің жауын алып, жанды сауықтыратын мекендей. Айналасы жасыл желек, жұпар иісті сан қилы әсем гүлдерге толы.

Елена Өтепбергенов, Челябі қаласының тұрғыны, РФ:
 – Жылда осы үйдегі туыстарымызға қонақтап келеміз. Әр сапарымызда бізді жаңашылдықтар күтіп тұрады. Табиғи композициялар орынды таңдалып жасалынған. Әр гүл өзгелерімен үндесіп бір тамаша көрініс тудырады.  

Ескі қураған ағаштардың діңгегі, машина доңғалақтары да кәдеге жарап қалыпты. Олардан балалардың сүйікті ертегі кейіпкерлері жонылып, ортақ көрініске көрік бере түскен. Былтыр балалар алаңқайы қалпына келтірілген. Әткеншектер маңайдағы балғындардың жазғы демалыстарын тиімді өткізетін қызықты ермегіне айналған.

– Маған ауламыз өте үнайды. Қыздармен келіп әткеншек тебеміз, жүгіріп ойнаймыз.
– Мен бос уақытымды осы алаңқайда өткіземін. Спортпен айналысқан ұнайды. Ол үшін мұнда түрлі жабдықтар бар. Достарыммен доп қуалап тартылып жарысамыз.

Іргесі қаланғанына 40 жыл болған Абай, 57 мекенжайындағы тұрғын үйдің іші де, сырты да бүтін. Подъезд бен жертөле қалпына келтірілді. Әбден тозған ыстық және суық су желілері жаңартылды. Қазір жылу таратқыш боулер қауырт маусымға әзірленуде. Қалыпты жұмысына қажетті бұрандалары орнатылып, тетіктері бекітілді.

Галина Аксенникова, Абай, 57 түрғын үйі “Орал” тұтынушылар кооперативінің төрайымы:
Ортақ үйімізге бас-көз боп төрағалық етіп жүргеніме 3 жыл болды. Осы уақытта жылыту маусымына әзірлікті растайтын құжатты алғашқылардың бірі болып аламыз. Ай сайын тұрғындардан шаршы метріне 13 теңгеден жинап қажетті жөндеу жұмыстарын жасаймыз.
 

Бұның бәрі 91 пәтер иелерінің бірауыздылығының арқасы дейді Галина Аксенникова. Ауланы жинастырып, күтуге барлығы жұмыла кірісе кетеді екен. Әрбірі ортақ мәселелерін шешуде қолдан келген шаруаларынан аянып қалмайды.

Людмила Солькова, Абай, 57 үйдің тұрғыны:

– Үйдің іргесі қаланғаннан тұрып жатырмын. Осы жерде қызымды тұрмысқа беріп, немеремді бағып жатырмын. Тұрғындар бір үйдің балаларындай бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Сенбіліктерді қалдырып көргеніміз жоқ. Бұның бәрі өзіміздің жайлы тұрмысымыз үшін жасалып жатқан шара екенін жақсы түсінеміз.

Бірлігі жарасқан тұрғындар болашақта гүлзарларының аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жеңіс Ермұқанов