Құқық қорғау органдары

Солтүстікқазақстандық прокурорлар аттестациялық сынақтың бірінші кезеңінен сүрінбей өтті

 

Заман кәсіби маманды талап етеді. Бұған Елбасы тарапынан үлкен мән берілуде. Маңызды науқан – кезектен тыс аттестацияға прокурорлар тыңғылықты дайындалған. Заң баптарын қайта-қайта қарап, қобалжуды біржола ысырып қоюға тура келді. Солтүстікқазақстандық құқық қорғаушылар бөгде адамның кіруне тиым салынған жеке бөлмеде сынақ тапсырыпты.

Айман Әбдірова, облыс прокурорының аға көмекшісінің міндетін атқарушы:

 Бірінші сынақ бойынша 25 қызметкер арасындағы орташа ұпай облыс бойынша 93 пайызды құрады. Ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Тестілеуге Бас прокуратура өкілі қатысты және барлығы онлайн режимде бақыланды.

Енді қадағалаушы орган өкілдері психологиялық тест тапсырып, Орталық аттестациялық комиссия мүшелерімен әңгімелеседі. Бұл – әлсіз бен мықтыны анықтайтын сынақ. Андрей Бессонов өзінің кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. 20 жылдық еңбек өтілі бар прокурор заңдарды бүге-шүгесіне дейін біледі.

Андрей Бессонов, түзету мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокурор:

Заңдылық бойынша тест тапсыру қиын болған жоқ. Өйткені біз заңды білеміз, бастысы оны жөнімен қолдану қажет. Аттестацияға үлкен жауапкершілікпен дайындалдық.

Бұл аймақтық аттестациялық комиссияның құрамына кіретін прокурорлар. Алдағы уақытта олар өздерінің қалған 126 әріптесінен сынақ алады. Сүрінгені, тіпті, жұмысынан айрылуы да мүмкін. Жаза қатал, бірақ прокурорлардың білікті болуын талап ететін бірден бір амал.

Данаш Хамзина