Аптадағы маңызды жаңалықтар

Отандық үйректің жаңа тұқымы

 

 

Гарбунов ұзақ уақыт бойы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген еді. Діттегеніне үш ай бұрын жетіп Бескөл құс фабрикасынан тұрақты жұмыс орнын тапты. Қазір ол құстардың жем-шөбіне дәрумендер қосып, құрама жем әзірлеумен айналысады. Серіктестегі бұл жұмыс толықтай автоматтандырылған. Бар үрдіс компьютермен басқарылады.

Денис Гарбунов, “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС мал азығы цехының операторы:
– Жұмыспен қамту орталығына келіп электрші кәсібін меңгеріп алдым. Курстардан өткесін осында еңбекке тұрғызды. Жаңа кәсібім өзіме ұнайды. Әріптестерім жылы қабылдап көмектерін аямайды. Жалақы да жаман емес, уақытында беріп тұрады.

48 жылдық тарихы бар құс кешенінде бүгінде 127 адам еңбек етеді. Мұнда бағылып-күтілетін 184 мың хайсекс браун, уайт тауық кросстары жылына орта есеппен 52,5 млн жұмыртқа береді. Саудаланған әр данасына мемлекеттен 2 теңгенің субсидиясы бөлінеді. Фабриканың қуаттылығы бір маусымда шамамен 38 мың балапан шығаруға жетеді екен. Шаруашылық сондай-ақ қауырсындылардың ішінде үйрек, қаз, күрке тауық ұстайды.

Ерік Біләлов, “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС директоры:
 -Болашақта күрке тауыққа арналған қосымша қоралар салып, санын 9 мыңға жеткізу көзделген. Бір маусымда инкубаторлық әдіспен туылған үйрек балапандарының 1 млн данасын сатамыз. Еліміздегі тұңғыш әрі жалғ
ыз асыл тұқымды құс фабрикасы болғасын өнімімізбен Қазақстанды толықтай қамтимыз. ТМД елдерімен де келісімге тұрып балапан, жұмыртқаны сыртқа экспорттау да жақсы жолға қойылған.   

Өңіріміздегі ең ірі құс фабрикасы 87 жылдан жергілікті тұқымды асылдандыруды қолға алыпты. Жаңа үйректер соңғы 15 жылдық жұмыстың нәтижесі. Салмағы аз, жұмыртқа шығаруы төмен жергілікті үйректер жоғары өнімді пекиндік асыл тұқымдылармен будандастырылыпты. Соның нәтижесінде жаңа үш тұқым алынды. Азықты әлдеқайда аздау талап еткенімен тез өскіш, 7 аптада аталығы 4 келіге дейін салмақ қосады. Ай соңында Бескөлдің түрлі түсті үйректері Республикалық “Қараөткел” ауыл шаруашылығы жәрменкесінде қалың жұртқа таныстырылады.

Ақан Жүнісов, “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС бас зоотехнигі:
 Бұлардың артықшылығы неде? Біріншіден, салмағы жоғары. 1 келі қосымша салмаққа жем-азық аз кетеді. Етінің майлылығы төмендеу. Жұмыртқа шығару көрсеткіші жоғары. Халықтың арасында оған деген сұраныс көп. Бар тексерістер өтті, енді АШМ соңғы нүктені күтіп отырмыз.  

Кәсіпорын мамандары өткен жылдан алматылық және жергілікті ғалымдармен бірлесіп тауықтың жаңа отандық “Есіл” тұқымын шығару жұмысын да қолға алған.

Жеңіс Ермұқанов