Энергетика

Баспаналарды жаңғырту

 

 

“Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы іске қосылғалы бері қалада ескіріп қалған біраз баспана қайта жаңарды. Өткен жылы үйлерді жөндеуге 420 млн теңге жұмсалыпты. Аталған мемлекеттік жобаның тиімді тұстарын кеңінен таныстыру үшін “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту” орталығы осындай семинар ұйымдастырыпты.

Есенбай Исламов, “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ҚазОрталығы” АҚ білім тарату орталығының жетекшісі:

– Бұл семинардың негізгі мақсаты – көппәтерлі тұрғын үй қорын басқару жүйесін дамыту, түсіндіру, қазір осы бағдарлама аясында өткізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра білуді үйрету.

12 жыл бойы жеке пәтер иелері кооперативіне төрағалық еткен Геннадий Таранин бүгінде баспаналарды жөндеудің қажет екенін жақсы түсінеді. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында 17 млн теңгеге үйдің төбесін ауыстырыпты.

Геннадий Таранин, “Мир, 240, 238” ПИК төрағасы:   

-Мир көшесіндегі 183 және 240 үйлердің тұрғындары бағдарламаға қатысуға келісті. Жұмыс көлемі орасан зор. Әйтпесе, оларға соншама соманы төлеу өте қиын болар еді. Шатырды жөндейміз, жертөле мен подъездердегі электр желілері толығымен ауыстырылады, кіреберістерді жаңартамыз, есіктердің алдына асфальт төсейміз.

Жиын барысында тұрғын үйлерде энергияны үнемдеу жайлы айтылды. Бұл энергиялық тиімді қондырғылар мен дұрыс басқарудың нәтижесінде іске аспақ. Сондай-ақ, мұнда соңғы уақытта бағдарламаға қатысқысы келетіндердің саны артты делінді, әрі республикалық бюджеттен жөндеуге бөлінетін қаржы да ұлғайған.

Сергей Худяков, “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ҚазОрталығы” АҚ СҚОФ директоры:

-Биыл біздің облысқа көппәтерлі үйлерді қалпына келтіру мақсатына республикалық бюджеттен 813 млн теңге бөлінді. Қалада қазір 7 баспана жөнделуде. Осы жылы адамдарды бағдарламаға қатыстыру жеңілдеді. Өйткені, нәтиже бар.

Жергілікті атқарушы органдар өкілдері, коммуналдық кәсіпорын басшылары мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары 2 күн бойы жалғасатын семинар барысында тұрғын үй қорын тиімді басқару турасында пікір алысып, тәжірибе бөліседі.

Данаш Хамзина