Билік

Тоғыз мың бүлдіршін балабақша кезегін күтіп отыр

“Балапан” бағдарламасы іске қосылғалы бері өңірдің мектепке дейінгі білім беру саласында біраз оң өзгеріс байқалады.

Мысалы, өткен жылы 2 292 орынға шақталған 8 балабақша мен 18 шағын орталық ашылыпты. Енді биыл тағы да жаңа орындар құру көзделіп отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

– Облыста 2012 жылы “Балапан” бағдарламасы аясында 1294 орын ашу жоспарлануда. Бұл ғимараттарды қайта қалпына келтіру немесе сатып алу, мектептерде шағын орталықтар ашу, мекемелерді кеңейту және мемлекет-жеке меншік серіктістігі арқасында жүзеге аспақ.

Облыс әкімі әлі 9 мыңнан аса баланың балабақшаға кезекте тұрғанын айтты. Осы орайда білім басқармасы мен жеке кәсіпкерлер арасында өзара әріптестік жайында 7 бірдей меморандумға қол қойылыпты. Өңір басшысы мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуда мемлекет-жеке меншік серіктестігінің рөлі басым деді. Қалада кәсіпкерлердің кішігірім балабақша ашып алғысы келетін ниеттері бар. Бірақ көп жағдайда банктен несие алу барысында кепілзат жетіспей қала береді. “Лавада” ЖШС 400 орынға шақталған  балабақша салып жатыр. Кәсіпкерге “Бизнестің жол картасы” бағдарламасына қатысу ұсынылды. Нина Мацкевичтің қалада 4 бөбекжай- балабақшасы бар. Онда 2 мен 4 жас аралығында 100 бала тәрбиеленіп жатыр. Енді бала санын 430-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Нина Мацкевич, “Ашық аспан” бөбекжайбақшасының директоры:

 – Мир көшесі, 221 мекенжайы бойынша 245 орынға шақталған балабақша ашпақпыз. Қазір қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Біз 3 ғимаратты жөндеуді аяқтауға жақын қалдық, енді 4-шісіне қомақты қаражат қажет. «Цесна банктен» сол үшін несие сұрап отырмыз.

Нина Мацкевичтің несиесі қазір филиалдың кредиттік комитетінде қаралып жатыр. Сондай-ақ, кәсіпкер өз ісін ойдағыдай дамытайын десе, жергілікті мемлекеттік органдардың үздіксіз тексерістері шаршатты дейді. Жуырда ғана ҚР техникалық реттеу және метрология комитетінің мамандары 82 мың теңге көлемінде айыппұл салыпты.
Облыс әкімі банк өкілдері мен жеке кәсіпкерлердің арасында келісімнің қажет екенін айтты. Өйткені екі жақ та тек өздері үшін ғана емес, ел болашағы үшін де еңбек етеді. Серік Біләлов жиын соңында облыстық білім басқармасы бастығының төрағалығымен жұмыс тобын құрып, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Атқарылған істер 10 күн өткен соң тағы бр сараланбақ.

Данаш Хамзина