Ауыл шаруашылығы

Мал азығын дайындау


 

Жергілікті мал басын асылдандыруды қолға алған “Зенченко и К” командиттік серіктестігінде бүгінде шетелдік зеңгі баба төлдерінің басы 5600-ге жетіпті. Ерекше күтімді талап ететін жоғары өнімді голштна-фриз бен семинталдар қыстап шығу үшін кемінде шөптің ғана 5 тоннасы қажет. Сондықтан өңіріміздегі ірі шаруашылық мал азығын әзірлеу жұмыстарына мықтап кірісіп кетті. Былтыр жеткілікті ылғал түскен шабындықтың гектар берекелігі 1 тоннадан асып жығылған.

Александр Хомичев, “Зенченко и К” КС бас зоотехнигі:
– Өткен жылдан 1200 тонна шөп, 7 мың тонна пішен, сүрленген азықтың 15 мың тоннасы қалды.
Десе де биыл да тоқтамай мал азығын әзірлеп жатырмыз. 2 мың га жерге жүгері тұқымын септік. Қалған аумаққа арпа, сұлы дәндерін сіңірдік. Жем-шөпті дәруменді макро, микро қосындылармен араластырамыз. Құрама жемазық әзірлейтін зауытымыз бар. Бұл малдың дұрыс өсіліп жетілуінің алғы шарты болып табылады.  

Алқаптардағы мал азығы піскенше серіктестік шөп жинау ісін тындыруда. Ауа райы қолайлы болса ораққа шыққан 20 арнайы техника шаруаны бір аптаның ішінде аяқтайды деп көзделіпті. Биылғы шөп қажетінше қалың болмағанымен азыққа жарап жатыр дейді ауыл еңбеккерлері. Бүгінде шабуға арналған 2 мың Га жердегі шөптің 80 пайызы құлатылған. Басылған көк шөп кебісімен биыл тапсырыспен шетелден жеткізілген “Джондир” арнайы техникасы жинайды. Жоғары өнімді заманауи трактор күніне әрбірі 5 центнер болатын 500 орама жасап үлгеруге қауқарлы.

Владимир Шутов, “Зенченко и К” ЖШС механизаторы:
 – Шөптің аздығына қарамай күніне 250 тонналық бірнеше
орама жасаймын. Бәрі автоматтандырылған. Компьютер әр ораманың салмағын, көлемін, пішінін өзі анықтайды. Мен жайлы кабинада тек бірер басқыштың көмегіне жүгінемін. Қалған шаруаны техника өзі тындырады. 30 жылдан астам механизаторлық қызметте жүрмін. Бұрын мұндай мүмкіндік туатынын ойламадық та.

Жалпы Қызылжар ауданында 36 800- ден артық қара мал бар. Зеңгі баба төлдеріне жетерліктей 18 300 га аумаққа көпжылдық шөп егіліпті. Жуық арада мал азығы толығымен шабылып бітеді деп жоспарланып отыр.

Жеңіс Ермұқанов