ТКШ

Есептегіш бойынша ақы төлеу тиімді

 

 

 

Су – тіршілік көзі. Бірінші мамырда көшкен жаңа тарифтің бағыттарын түсіндіру үшін “Петропавл су” АҚ қаламыздағы жеке пәтер иелері кооперативтерінің өкілдерін жинады. Бас қосуда есептегіш құралдар орнату және құбырларды жаңарту,  тазалау мәселелері талқыланды. Бүгінгі күні кәсіпорынның су тарату жүйелерінің ұзындығы 308,8 шақырымды құрайды. Оның 75,5 пайызы ескірген.

Елена Петрова, “Петропавл су” АҚ бас экономисі:
–   Есептегіш құралдар орнатқан жағдайда халық өз ақшаларын үнемдей алады. Бұның шығынды азайтуға да септігі бар. Оның үстіне ресурсты үнемдейміз.  

Есептегіш құралдары бар тұтынушы судың 1 текше метріне айына 31,68, ал құрылғыны орнатпаған жағдайда 37,35 теңге төлейді. Бүгінгі күні су тарату бойынша сарапталған тариф бағытында кәсіпорын 81,2 млн. теңге қаражат жұмсаған. Оның ішінде кәріздер мен өрт сөндіруге арналған гидранттарды жөндеп, құбырларды жаңартқан. Су құбырларын жаңарту жайында ақсақалдар кеңесінен де ұсыныс түсті. Жылына 10 шақырым су құбырын жаңартқан болсақ, енді оны 50 шақырымға ұлғайтуымыз керек дейді. Кәсіпорын басшылығына жеке пәтер иелері кооперативінің өкілдері де өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.

Ирина Яуфман, “Эврик” тұтынушылар кооперативінің өкілі:
–  Аптап ыстықта балалар ойын алаңына жолай алмайды. Аулаларда балалардың ойын алаңына субұрқақ орнату қажет. Ауладағы газондарды суаруға су керек. Осы мәселені шешіп берсеңіздер.

Бұл әрине жақсы ұсыныс. Бірақ кәсіпорында ондай қаражат жоқ. Мәселені тұрғындар пәтер иелері кооперативімен ақылдасып, өзара қаражат бөліп, жүзеге асыра алады дейді кәсіпорындағылар. Жиналғандарды су құбырларын қоқыстан тазалау мәселелері де толғандырды. Оған кәсіпорын тамызда арнайы техника алғаннан кейін мықтап кірісеміз деп отыр.

Гүлбану Ахметова