Бизнес және экономика

Бизнес-кеңесші

 

 

 

Кәсіпкердің психологиясы, маркетинг, бизнес-жоспар құру және персоналды басқару. 2 күндік семинар барысында өзінің жеке ісін ашуға ниетті петропавлдықтар бизнестің қыр-сырына қанық болмақ. Тақырыптың жазбаша емес, ауызша талқылау түрінде өтуі – дәрістің тағы бір ерекшелігі.
Мүгедектердің құқығын қорғау қоғамының мүшесі Светлана Чеснокова өмір бойы есепші болып қызмет етіпті. Дегенмен ол курстарда қаржының жұмсалуын есептеуге байланысты біраз жаңашылдықтар білдім дейді.

Светлана Чеснокова, мүгедектердің құқығын қорғау қоғамының мүшесі:
– Бүгін семинарда айтылған кейбір жаңашылдықтарды білмейді екенмін. Балаларым кәсіпкерлікпен айналысады. Сондықтан осындай курстарға қатысып, олардың бизнестерін дамытуға өз үлесімді қоссам деймін.

Әрбір адамның табысты болғысы келеді.Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін талпыныс қажет. Сондықтан тренингте өз ісіңді өрге домалатып, өнімнің сұранысқа ие болуы үшін дұрыс әрекет ету жолдары түсіндірілуде.

Гүлмира Зейнуллина, “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры СҚО аймақтық филиалының менеджері:
– Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын және кәсіпкерлікпен айналысамын деген тұрғындарға арналған. Сертификаттар табыс етіледі. Келіп қатысамын деушілерге есік ашық.

Мұндай оқу-тренингтер аудандарда да өтпек. Биыл барлығы 538 азамат аталмыш курстарға қатысады деп жоспарланып отыр.

Инеш Шоқақова