Спорт

Велошабандоздар спартакиадасы

 

 

 

Нұрымжан Аман Қызылорда қаласының намысын арқалап келген. Жеткіншек ес білгелі велосипедке  жақын. Алайда кәсіби түрде шұғылданғанына 2 жыл ғана болыпты. Осы уақыт ішінде ол өз өңірінің көшін бастап ел біріншілігі мен Өзбекстанда өткен халықаралық додалардың жүлдегері атанған. 1-ші разряд иегері алдына үлкен мақсаттар қойып, биіктерден көрінуге тырысамын дейді.

Нұрымжан Аман, велошабандоз, Қызылорда қаласы:

– Қазіргі командалық жарыста ұтқым келеді. Өткен спартакиадада екі алтын, бір қола, бір күміс алдым.  

Облысымыздың трассаларын бағындыруға еліміздің 6 қаласынан 36 спортшы белді бекем буған. Үздік атанулары үшін олар жекелей сында 25 км жүріп өтсе, топтық жарыста 100 км қашықтықты бағындырулары тиіс. Бұл сында 33 минут 4 секундта бірінші болып павлодарлық Виталий Зверев жүріп өтсе, жерлесіміз Александр Самусенко мәре сызығын екінші болып кесті. Ал дүбрлі доданың соңғы күні велошабандоздар критериум кезеңі бойынша күштерін сынады. Бұл кезеңнің өзге сындардан ерекшелігі әрбір айналымда жеңімпаздар анықталады. Сонымен қатар, барлық кезеңдердің ұпайлары қосылып саналады. Кезеңнің қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандық Александр Самусенко мәре сызығына алғашқылардың бірі болып жетті. Ол бұл спорт түрімен 5-ші жыл айналысып келеді.

 Александр Самусенко, велошабандоз, Петропавл қаласы:

– Қарсыластарымның дайындығы мықты болды. Дегенмен жаттықтырушымыз бізді жоғары деңгейде дайындады. Өте қуаныштымын.  

Оқушылар арасындағы жазғы спартакиаданың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы үздік атанса, өңірлік команда екінші орынды місе тұтты. Ал үздік үштікті Павлодар қаласының велошабандоздарды тұйықтады.

Әсел Күшенғалиева