Ауыл шаруашылығы

Тұзды көлдерден экологиялық таза тыңайтқыш алуға болады


 

«Наносфера» ЖШС осыдан 5 жыл бұрын құрылған. Содан бері ұйым қоршаған ортаны қорғауға байланысты инновациялық жобалар әзірлеуде. Мәселен, тұзды көлдерден экологиялық таза сапропель тыңайтқышын алуды ұсынып отыр. Ол үшін көлдердің түбіндегі шөгінділердің органикасы анықталыпты. Бұл әдіс ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды жаңалық.

Наталья Белецкая, «Наносфера» ЖШС директоры:
– Сапропель дегеніміз – 15 пайыздан астам органикасы бар су түбіндегі шөгінділер. Тыңайтқыш жерді құнарландырады. Шөгінділерді алу қиын емес. Сондықтан бұл үлкен жаңалық деп ойлаймын.

Өзге өңірлерде қасиеті бар батпақпен емдеу орындарын табу және зерттеу қолға алынған. Біздің аймақта бұл іс баяу жүргізілуде. Ал сапасы мен емдік қасиеті бойынша жергілікті батпақтар алдыңғы орында дейді мамандар. «Наносфера» ЖШС қызметкерлері аталмыш мәселені де зерттеуде. Өзен-көлдердегі өзгерістер мен олардың жағдайы арнайы құралдардың көмегімен анықталады.

 Иван Фомин, «Наносфера» ЖШС бас маманы:
-Біз өзендер мен көлдерді, су қоймаларындағы оттегінің деңгейін әрдайым тексереміз. Судың тұздылығы мен мөлдірлігі де назардан тыс қалмайды. Нәтиже қуантарлық емес. Қазіргі таңда көлдердің жағдайы нашарлап барады деп те айтуға болады.

Кейбір өзен-көлдер тартылуда. Бұған климаттық өзгерістер себеп дейді ғалымдар.

Инеш Шоқақова