Қоғам

Облыста алдағы үш күн өте ыстық болады

 

 

 

Ауа райының күрт ысып кетуіне байланысты жедел қызмет көрсету орталықтарының жұмысы арта түсетіні белгілі. Шілденің аптап ыстығы адамның да денсаулығына кері әсерін тигізбей қомайды. Шыжыған күн көбіне қан қысымы жоғары, қант диабеті мен жүрегі нашар жандар және балалар үшін аса қауіпты. Бүгін облыстық жедел қызмет көрсету орталығына түске дейін көмек сұраушылардан 80 қоңырау түскен. Ақхалаттылар қоңырау шалатындардың саны 20-30 адамға көбейгенін айтады. Күніне олар 360 рет көмекке зәру жандарға қол ұшын береді. Бұл жерде шақыру бойынша 4 диспетчер жұмыс істейді. Олар келіп түскен хабарламалардың бәріне жауап беріп үлгермей жатқандықтарын айтады. Ал  адамға күн өтіп кеткен жағдайда алғашқы көмекті кешіктірмей көрсету керек. Дәрігерлер күн өткен  адам әлсіреп, басы айналады дейді. Синоптиктердің болжауынша сейсенбі, сәрсенбі күндері ауаның тепературасы + 39 градусқа дейін көтеріледі. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мұндай күндері далаға жиі шыға бермеу керектігін айтады.

 Руслан Сейітов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісі:
-Бұл аптап ыстық 3 күнге дейін болады. Дәл қазір барлық объектілерде жұмыс күшейген. Тұрғындар күннің сәулесі түспейтін көлеңкелі жерде болғандары абзал. Мұндай ыстық күндері орман немесе кез келген жерде аяқ астынан өрт шығуы мүмкін. Біз бұл жағдайлардың бәрін ескеріп, сақтық шараларын жүргізіп жатырмыз.  

Сынап бағанасы +30 градусқа көтерілгелі көпқабатты үйлердің пәтерлері де ысып кететін болды. Тұрғындар үндіз- түні үйде отыру мүмкін емес дейді. Сондықтан олар далаға шығып, көлеңкелерді сағалауға мәжбүр.
 
-Мен қызымды далада біраз таза ауамен демалсын деп алып шықтым. Күннің сәулесі түспейтін көлеңкелі жерде отырамыз.
-Күн ыстық. Бірақ шыдап жүрміз. Көбіне серуендеуге таңертең немесе кешке шыққан жөн деп санаймын.
 

Гүлбану Ахметова