ТКШ

Баспаналарды қысқа әзірлеу

 

 

Жаздың ыстығына қарамастан, Абай көшесіндегі 66-шы үйдің тұрғындары қақаған қысқа әзірленуде. Олар қылышын сүйретіп қыс келгенде шырылдауық щегірткенің күйін кешпеудің қамын осы бастан жасап жатырмыз дейді. Пәтер иелері 700 мың теңгеге   жылу алмастырғыштарды орнатыпты. Оның арқасында ыстық судың қысымы артқан. Сондай-ақ ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізіліпті.

Виктор Тястов,  «Светлячок» тұтынушылар кооперативінің қызметкері:
– Жертөледе монометрлер мен жапқыштарды алмастырдық. 4 жыл бұрын жылу энергиясын есептегіш құралдар орнатылды. Соның арқасында қыс мезгілінде 1 шаршы метрге 62 теңгеден төлейміз.

Осыдан 38 жыл бұрын салынған үйдің жөндейтін тұстары жетерлік дейді тұтынушылар кооперативінің төрайымы. Тұрғындар баспананы өз күштерімен қалпына келтіруге кіріскен. Домофон орнатып, шағын балалар алаңқайын да жасапты. Алдағы уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр.

 Тамара Терновская, «Светличок» тұтынушылар кооперативінің төрайымы:
Үйімізде 60 пәтер бар. Іргетасы ертеректе қаланғандықтан, жөндеуді қажет етеді. Ендігі кезекте шатырды жөндеп, подъездерге пластикалық терезелер орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл біріншіден жылы, екіншіден, үнемді болар еді.

Тұрғындарды жол мәселесі де алаңдатып отыр. Абай көшесінен Алматы көшесіне дейінгі жолда жауын-шашынды күндері жүру мүмкін емес дейді олар. Дәл сол жолмен оқушылар балшықты кешіп, мектепке баратын көрінеді.

Инеш Шоқақова