Бизнес және экономика

Статистика департаменті жартыжылдықты қорытындылады

 

Облыстық статистика департаменті мамандарының мәлімдеуінше өңір халқының саны 581 мың. Ағымдағы жылы 1,5 мың облыс тұрғыны шаңырақ көтерген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, 11,7 пайызға өскен. Дегенмен, ажырасу  – 12 пайыз. Сонымен қатар халықтың жан басына шаққандағы
ақшалай табысы жоғарылаған.  

 Гүлзиян Ізбасова,  СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:  

– 2012 жылғы қаңтар-мамырда бір қызметкердің орташа айлық  жалақысы 64 795 теңгені құрады. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 21,1% -ға өсті. Тұтыну бағаларының өсуін есепке алғандағы өсім 15,2%-ды құрады. Білім беру жүйесі қызметкерлерінің жалақысы 26%-ға өсіп, 58 мың теңгеге, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында орташа жалақы   41 мың теңгеге жетті. Салалық құрылымда ең жоғары жалақы деңгейі қаржы және сақтандыру кәсіпорындарында сақталып, 105 мың теңге құрады. Бұл орташа облыс деңгейінен 1,6 есеге артық.

Инвестиция көлемі де жоғарылаған. 2012 жылдың жарты жылында капиталға салынған инвестиция көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26,0 млрд.теңгеге шақ келген.

 Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:

– Негізгі капиталға инвестиция көзінің 72%-ы шаруашылық субъектіліренің өзіндік қаражаты болып табылады, қарыз қаражатына – 14,5%, бюджеттік қаражатқа – 13,3 %, шетелдік қаражатқа – 0,2 % келеді.

Тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Жерлестерімізді қолжетімді баспанамен қамту үшін 5,2 млрд теңге жұмсалыпты. Бұл өткен жылғы жартыжылдықпен салыстырғанда 18,8%-ға жоғары.  Бірінші жартыжылдықта 225 жаңа үй салынды, оның 214-не азаматтар қоныстанған.

Әсел Күшенғалиева