Қоғам

Облыста қысқа отын дайындау жүріп жатыр



 

Аймақ тұрғындарын ағаш отынмен мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері қамтамасыз етеді. Облыс бойынша мұндай ұйымдардың саны 12. Жалпы ағымдағы жылы барлығы 530 мың текше метр ағаш кесіледі деп күтілуде. Оның 157 мың текше метрі құрылысқа қажет материал жасау үшін жұсалады. Ал қалғаны отынға пайдаланылады. Өткен жылы 293 мың 113 текше метр отын дайындаса, биыл оның көлемі сәл ұлғайған.

 Сәуле Сүлейменова, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім бастығы:

-Үстіміздегі жылы 373 мың текше метр көлемінде ағаш отын әзірленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік мекемелерге бөлінген ағаштың 1 текше метрінің құны 970 теңге.

Орман пайдаланушылар дала өрттерінің алдын алу шараларын да біршама жолға қойған. Ағымдағы жылы облысымызда 6 орман өрті тіркеліп, 153 га алқапты жайлаған. Соның ішінде ең ауқымды өрт фактісі Айыртау ауданындағы «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің аумағында болды. Онда қызыл жалын 82 га жерге жайылған.

 Василий Лабанчук,  СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

-Қауіпті маусым басталғалы орын алған 6 орман өрттеріне 2 адам айыпты деп танылды. Олар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұлға қоса, залалдың орнын толығымен толтырды.

Қазір жаңбыр көрмеген орман іші қурап тұр, шырпы тисе лаулап қоя береді. Осыған байланысты орман өрттерінің алдын алу шаралары қолға алынып, өрт қауіптілігі жоғары аймақтарда тәулік бойы патрульдік қызмет кезекшілік етуде.

Әсел Күшенғалиева