Дубровное селосындағы бұл мектепке 47 жыл толған. Мамлют ауданындағы байырғы оқу орындарының бірі. Бүгінгі күні мұнда 118 оқушы білім алады, оларға 24 мұғалім сабақ береді. Бұл білім ордасы “Дипломмен – ауылға” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2009 жылдан бері 9 жас маманмен толығыпты. Олар тек жұмыспен ғана қамтылмай, баспаналы болып, отбасын да құрған. Солардың бірі – Людмила Морожникова. Людмила 2 жыл бұрын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәмамдап, Мамлют ауданында еңбек жолын бастауды жөн санаған. Міне бүгінгі күні Людмила мемлекеттің қолдауын алып, 2 жылға жуық осы мектепте жоғарғы сыныптарға математикадан сабақ беріп келеді. Бұл мектеп 2009-2010 жылдары “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында бөлінген 25,5 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа күрделі жөндеуден өткен. Білім ордасында жеткіншектерге барлық жағдай жасалған. Алыстан келіп оқитын оқушылар үшін интернат бар. “Бөбек” шағын орталығы мектепке дейінгі тәрбие береді. Сауықтыру алаңдары жұмыс істейді. Оқушылар биыл ҰБТ жақсы нәтиже көрсетті. Тамара Құстаева осы мектепті 11 жыл көлемінде басқарып жүр. Алғашқыда жылу жүйесі болмаған. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында мектеп жаңа кейіпке енген. Биыл мұнда тағы екі жас маман келеді деп күтілуде. Қазір мектеп оқушылары жазғы демалыстарында білім ордаларының маңайын абаттандыруда.
Гүлбану Ахмето