Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамандар даярлау және жастарды еңбекпен қамту мәселелері талқыланды

 

 

 

Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға басымдық берді. Бұл маңызды саяси құжатта жастарды еңбекпен қамтуға да көп көңіл бөлініп отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Өңірдегі техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде 17 мыңнан аса адам оқиды. Биыл оқуды аяқтаған 4 мың түлектің 77 пайызы жұмысқа орналастырылды. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында 496 тұрғынды кәсіби оқытуға, 703 адамды әлеуметтік қызметпен айналысуға және 743 адамды жастар тәжірибесіне жіберу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Серік Біләлов әрбір жас маманды жұмыспен қамту міндеті тұр деді. Өңірдің өнеркәсіп және құрылыс салаларына кадрлар қажет. Әсіресе, дәнекерлеуші, сылаушы және тас қалаушылар тапшы. Өңір жетекшісі осы мәселені шешу бағытында атқарылып жатқан істер жайлы басқарма басшыларының есебін тыңдады.

Орал Қаппасов, облыстық білім басқармасының бастығы:

– Жұмыс берушілермен әріптестік орнату барысында студентті кәсіби тәжірибеге жіберу 60 пайызға жоғарылайды. 25 мемлекеттік білім беру мекемесінде қамқоршылар кеңестері жұмыс істейді. Олар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін, түлектердің еңбекпен қамтылуын және материалдық-техникалық базаның нығайтылуын реттейді. Бізде, сондай-ақ, облыс тұрғындарына мамандық түрлерін ұсынатын 32 ұйым бар.

Облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереев жыл басынан бері 17 мың адамның жұмыс тапқанын айтты.

Асқар Сақыпкереев, облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:

– Жұмыссыздық былтыр 5,8 пайызды құраған болатын, биыл 5,4 пайыз. Төмендеу байқалады. Облыста сұраныстағы мамандықтарға бақылау жүргізудеміз және ай сайын бос жұмыс орындары жөнінде мәлімет жинап тұрамыз.

Осыған байланысты облыс әкімі тұрғындарды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер жайында ақпараттандырып тұратын кемінде 5 терминал орнатуды тапсырды. Студенттердің еңбек биржасының жетекшісі Сергей Белов 1 264 студенттің кәсіп іздеп келгенін айтты. Соның 577-сі нақты жұмысқа орналастырылған. Алайда жұмыс берушіге тәжірибесі бар, білікті маман қажет екен. Үкімет қайта даярлау курстарына үнемі қаржы бөліп тұрады. Мемлекет ақшасы зая кетпес үшін Серік Біләлов бірқатар коллеждер  басшыларының есептерін тыңдады. Жиын соңында өңір жетекшісі билік, білім  беру және өнеркәсіп өкілдерінің білімді әрі білікті кадрларды даярлау бағытында бірлесіп еңбек етуі керектігін басып айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы басқарма жетекшілеріне, қала және аудандар әкімдеріне дуалды кәсіби білім беру жүйесін енгізу, 2013-2015 жылдарға еңбекпен қамту картасын әзірлеуді және тағы да басқа маңызды тапсырмалар  жүктеді.

Данаш Хамзина