Энергетика

Жылу есептегіш болмаса, әр шаршы метрге 100 теңге төленеді


Енді үйлерінде есептегіш құралдар орнатылмаған пәтер иелері жылу қуаты үшін жоғары тарифтер бойынша төлем жасамақ. Жаңа тариф бойынша пәтердің 1 шаршы метріне 100 теңгеден астам сома бекітілген. Ал жылу қуатын есептегіш құралдары жоқ заңды тұлғалар тіпті 50 пайызға артық төлемек. Сондықтан тұрғындар арнайы құралдарды орнатуға асығулары тиіс дейді мамандар. Оларды орнату үшін ақы төлеудің түрлі жолдары қарастырылған.

Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директоры:
Үйдегі ортақ тұтынылған жылу  есептегіш құралдарды сатып алып, орнатқандығы үшін ақы төленуі тиіс. Аталған қаражатты 1 жыл көлеміне дейін бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл үшін тұрғындар М.Жұмабаев көшесі, 68 мекен-жайындағы «Севказэнергосбыт» ЖШС келіп, шарт жасасулары керек.  

Сондай-ақ тұрғындар қондырғыны есептегіш құралдарды орнату рұқсаттамасы бар мамандандырылған ұйымнан да сатып алуларына болады. Мир көшесіндегі 278 -үйдің тұрғындары есептегіш құралдарды орнатуға асыққандардың қатарында.

Алексей Маркелов,  «Мир көшесі, 278» ПИК төрағасы:
Есептегіш құралдың құны – 300-400 мың теңге шамасында. Біз энергиямен қамтушы ұйыммен келісімшартқа тұрдық. Енді келесі аптада есептегіш құралдар орнатылмақ.  

Дегенмен облыс орталығында  әлі де 658 үйде есептегіш құралдар  орнатылмаған. Айта кетерлік тағы бір жайт – есептегіш құралдары жоқ үйлерге жылыту жүйесіне қосу туралы дайындық паспорттары берілмейтін болады.

Инеш Шоқақова