Аптадағы маңызды жаңалықтар

Христиан әулиелері күні

 

 

Таң сәріден шіркеуде ұзын-сонар кезек. Бұл адамдар православие сенімін уағыздаушы   Петр мен Павел әулиелерге тағзым етуге келгендер. Тіпті бұл діни мейрамға қатысу үшін өңіріміздің шалғай аудандарынан келген жандар да аз болмады.

 Валентина Вагнер, Тайынша ауданының тұрғыны:
– Әулиелердің сүйегіне қол тигізген адамның жаны тазарып ерекше бір қуатқа бөленеді.
Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан бүгін мыңдаған христиан қалың кезекте тұр.

Бұл әулиелер жетім көрсең жебей жүр қағидасын ұстанып, мұқтаждарға жәрдем жасауды игі іс деп санапты мыс. Содан болар қайырымды жандарды христиан дінін ұстанушылар бүгінге дейін пір тұтады.

 Епископ Гурий, Петропавл-Булаев епархиясының епископы:
– 2 жыл бұрын бұл қасиетті адамдардың сүйектері Италиядан арнайы жеткізілді. Христиан әлеміне жаңа дем берген жағымды жаңалық православ дінін ұстанушылардың сеніміне таза бет ашқандай болды. 2 ғасырдан астам уақыт бойы қалыптасқан мейрамның уағыздары бүгінге дейін берік сақталып келеді.  

 Бұл күні шіркеуге жиналған христиан дінін ұстанушы православтықтар құдайға жалбарынып, жақындарын  жамандықтан, қайғыдан сақтауын тіледі.  

– Бұл күнді атап өту үшін Қостанай қаласынан арнайы келдім. Жасым 75-те. Мен өмірдің зейнеті мен бейнетін көрген жанмын. Құдайдан тілерім бір: ұрпақтарымыздың амандығы, ұлтаралық ауызбіршілік.
Мен жанұяммен ағайын-туысқандарыма басты байлық денсаулық тіледім. Игі бағыттарынан тайған адамдарды ізгі жолға салсын деп сұрадым.  

 Барлығы бірге құдайға сыйынып, игі тілектерін айтып болған соң православтықтардың мейрамы дәстүрге сай крест шеруіне ұласты. Діни шараның басты рәсімі қаланы қасиетті сумен тазалау және қозғалмалы күмбезді мұнарамен көшелерді аралап өту. Жиналған жұрт Петр мен Павел әулиелер ғибадатханасынан   Н. Погодин атындағы орыс драма театрына дейін жүріп өтті.  

Театр қаламыздағы ең алғашқы шіркеудің орнында тұр. Естуімше ескі ғибадатхананың ірге тасы бұзылмай үстінен мәдени ошақ көтерілді. Сондықтан біз жыл сайын 12 шілдеде осы араға келіп дұға оқимыз.
Христиандар үшін бұл жердің қасиеті зор. Ата-бабаларымыз осы жерде құдайға құлшылық етті. Сондықтан олардың аруақтарына тағзым ету біздің парызымыз деп санаймыз.  

Кейін шеруге жиналғандар Петропавл бекінісінің алғашқы тасы қаланған тарихи орынға бет алды.

 Жеңіс Ермұқанов