Құқық қорғау органдары

Шетелдіктер заңсыз жұмысқа тартылған

 

 

 

Өзбекстан елінің азаматы Рақым Қараевтың төлқұжаты жоқ, көші-қон полициясында тіркелмеген. Қазақстанда еңбек етуге рұқсат беретін қағаздары да болмай шықты. Осылай бола тұра азын-аулақ тиын-тебен табамын деп өңірімізге заңсыз аяқ басып маусымдық табыс көзін тауыпты.

Рақым Қараев, Өзбекстан елінің азаматы:
-Жалақым 30 мың теңге. Ай сайын төлеп тұрады.

Мамлют ауданына қарасты шаруашылықтардың бірінде Рақыммен бірге 11 отандасы егіс жұмыстарына тартылған. Арзан жұмыс күші саналатын Орта Азия елдерінің жалдамалы жұмысшылары шекарадан заңсыз өткен. Күнкөрістің қамымен  не ыстық, не суықтан қорғаныш бола қоймайтын баспана деп айтуға ауыз бармас үйшікте тұруға мәжбүр.

Қайсар Әбішев, СҚО прокуратура басқармасының аға прокуроры:
– Жалпы тексеріс барысында Мамлют ауданында – 12, Ғ Мүсірепов ауданында – 4 Өзбек елінің азаматы, облыс орталығында 2 тәжікстандық заңсыз еңбек етіп жатқандығы анықталды. Бұндай фактілер Шал ақын
ауданында да тіркелді. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған  кәсіпкерлер 40-200 АЕК мөлшерінде айып төлейтін болады.  

Сот шешімімен ҚР аумағында болу ережесін елемей, көші-қон заңнамасын бұзған тұлғалар 2 тәулікке қамауға алынды. Кейін барлығы республика шекарасынан аластатылды. Өңір прокурорлары бұндай оқиғалар жөнінде құлағдар жандардың хабарласуларын сұрайды.

Жеңіс Ермұқанов