Балалар

“Жасыл ел” жасақтары іске кірісті

 

 

“Жасыл ел” бағдарламасы елімізде  8 жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Осы игі бастаманың арқасында студенттер жұмыспен қамтылуда. Биыл шілде-тамыз айларында 170 студент іске тартылмақ. Екі қолына бір күрек іздеген жастардың жалақысы облыс бюджетінен қарастырылып та қойған. 5 миллион теңге. Бүгінде «Қызылжар» мемлекеттік орман мекемесінде 25 студент еңбек етуде.

Өлмес Нұртазин, «Қызылжар» мемлекеттік орман мекемесінің орманшысы:
-Біздің мекемеде жұмысшылар аз.
Бұл орманды өзіміз тазалай алмаймыз. Жұмысшы жетіспейді. Студенттердің келіп көмектесіп жатқанына қуаныштымын.

Жасақтар екі ай бойы өңіріміздің 10 ауданындағы орман шаруашылықтарын қалпына келтіруге атсалысады. Бүгін студенттер Қызылжар ауданындағы Куйбышев орман шаруашылығында кепкен бұтақтарды кесіп, ағаш арасын қоқыстан тазартуда. Егер орманда от шығатын болса, өрт сөндірушілердің машиналары еркін қозғалсын деген мақсатпен жолдарды аршып жатырмыз дейді мұндағылар. М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті Қуаныш Сайлау бұл жасақта жыл сайын еңбек етеді. Демалысыңда бос жүрмей, аздап қаражат тауып аласың дейді студент.

Қуаныш Сайлау, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті:
-Мен мұнда достарыммен келдім. Таза ауада орманды жинап жатырмыз.

Жазғы демалысын тиімді өткізіп, аз да болса нәпақасын табуға көпсалалы колледждің шәкірті Жәнібек Жолмұханов та келіпті. Жәнібек бұл жасақта бірінші рет жұмыс істеуде.

Жәнібек Жолмуханов, көпсалалы колледж студенті:
-Маған мұнда өте ұнады, көп достармен таныстық.

Студенттер таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. “Жасыл ел” жасақтары тамыз айының соңына дейін еңбектенбек.

Гүлбану Ахметова