Бизнес және экономика

“Бизнестің жол картасы-2020” көмектесті

 

 

 

“Жарнама фабрикасы” түрлі бағыттағы баспа жұмысымен айналысады. Тапсырыс көп. Клиенттің көңілінен шығатын өнім өндіру үшін қазіргі заманғы құрылғы қажет. Бірден қолма-қол 12 млн теңгеге жуық қомақты қаржы табу қиынға соғары түсінікті. Сондықтан  кәсіпкерлер мемлекеттің көмегіне жүгініп, субсидияланған несие алды.

Мұрат Теміров, “Delta Bank” АҚ Петропавл қ. филиалының директоры:

-Қарыздың жалпы сомасы – 11 млн 904 мың теңге. Оның 1 млн 775 мыңы бюджеттен төленеді. Ал қалған 8,5 мың долларын өздері өтейді.

Жаңадан орнатылған сандық принтердің құны 11 млн 904 мың теңге тұрады. Бұл құрылғының мүмкіндігі мол.

Гүлдана Ғаббасова,“Жарнама фабрикасы” фирмасының есепшісі:

– Сандық принтер алғаннан бері өнімнің көлемі екі есеге өсті және уақыт та үнемделетін болды. Енді осы принтердің мүмкіндігінің арқасында жетістікке жетуді жоспарлап отырмыз.

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалы “Жарнама фабрикасына” ұсынылған кредиттің тең жартысына кепілдік беріп отыр. Қор филиалының директоры Ирина Суворованың айтуынша, “Бизнестің жол картасы” – табыскерлер үшін таптырмас көмек.

Ирина Суворова, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры СҚО аймақтық филиалының директоры:

-Аталған бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Онда лизингік келісімдерді субсидиялау, қызмет көрсетуге оқыту бағдарламасын жетілдіру және кепілдеудің жаңа жүйесі енгізілді. Енді  кәсіпкерлердің қатары қалыңдайды деген үміттеміз.

Жыл басынан бері “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасын пайдаланғысы келген кәсіпкерлердің 42 өтініші мақұлданды.

Данаш Хамзина