Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ескі баспаналар жаңартылып жатыр

 

 

 

Бөкетов көшесі, 18 мекен-жайындағы көпқабатты үйдің іргетасы қаланғанына жарты ғасырдай уақыт болыпты. Сол кезден бастап баспана күрделі жөндеуден өткізілмеген. Сондықтан тұрғындар «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасына қатысуға ниет танытқан. Жөндеудің жалпы құны – 17 млн теңгеден астам.

Александр Тугучев, «Айсберг» тұтынушылар кооперативінің төрағасы:
– Біздің үйімізде 80 пәтер бар. Тұрғындармен жиналыстар өткізіп, осы бағдрламаға қатысуды шештік. 1 бөлмелі пәтер тұрғындары айына 1 771 теңгеден төлемек. Ал 2 бөлмелідегілер үшін бұл сома 2 657 теңгені құрайды. Біз үшін өте қолайлы.  

Шатырды жөндеу, үйдің жиектерін бекіту, жылу  есептегіш құралдар мен подъездерге пластикалық терезе орнату. Тұрғындар негізінен осындай жұмыстарды таңдап отыр. Мердігер кәсіпорын да пәтер иелерінің таңдауы бойынша бекітілген. Бұл «Лавада» ЖШС қалпына келтірген алғашқы нысан емес. Жұмысшылар құрылыс саласындағы тың әдістерді қолдануда.

 Игорь Мұртазин, «Лавада» ЖШС директорының орынбасары:
– Жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бірінші ретте қабырғаға жаңа технология бойынша ішінде жылы ауаны сақтайтын велотерм салынады. Бұдан соң резеңке тәріздес «Сазиласт» жағылады. Кейін ылғал өткізбейтін құралдар жағылады.  

«Егемен Қазақстан» көшесі, 70 және Ульянов, 44 үйлерінің пәтер иелері кооперативі бір екен. Сондықтан жөндеу жұмыстары екі үйде де жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Аркада Trading» ЖШС шатыр салу жұмыстарына кіріскен. Тұрғындар жөндеу жұмыстарынан соң үйлерінің әлі ұзақ жылдар бойы қалыпта болатынына сенімді.

 – Үйіміз ескі. Шатырдан су ағатын. Енді бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
-Осы бағдарлама бізге ұнайды. Тұрғындар үшін зор мүмкіндік.  

Соңғы уақытта тұрғындар негізінен электр энергиясы мен жылуды үнемдеуге баса көңіл бөлетін көрінеді.

Қанат Баймұхамбетов, Петропавл қалалық тұрғын үй секторы инспекциясының меңгерушісі:
– Биыл энергия  үнемдеу заңына бірқатар өзгертулер енгізілді. Оған сәйкес есептегіш құралдары жоқ үйдің тұрғындары энергия үшін 20 пайыз артық төлейтін болады. Сондықтан «Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасына қатысатын баспананың иелері кешенді жұмыстарының ішінде есептегіш құралдарды орнатуды да таңдап отыр.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасына қатысқан және өз күштерімен баспаналарын жөндеген тұрғындар үшін тағы бір мүмкіндік жасалған. Олар арнайы байқауға қатыса алады. Үздік атанған үйлердің ауласына тас жол төсеп, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен қаражат бөлінбек.

Инеш Шоқақова