Қоғам

Елбасының жаңа бағдарламасы қолдауға ие

 

 

Әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету, тұрмыстарының жақсы болуы үшін жағдайлар жасау. Бұл мәселені  Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында тағы бір мәрте атап өтті. Маңызды құжатта әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді модельдерін құру керектігі де көрсетілген. Бұған барлық мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтар ерекше назар аударғаны жөн.

 Таңат Сүгірбаев, «Асыл мұра» орталығының жетекшісі:
– Тұжырымдама  негізінде жаңа жұмыс орындары ашылатындығы, әрбір министрліктерге, ведомстволарға нақты тапсырыс беріп, міндеттерді қалай орындау керектігі көрсетілген. Әсіресе, еліміз бойынша көптеген жұмыс орындары ашылады. Кәсіподақтар алдында тұрған міндет, “Нұр Отан” осы іске қалай араласуы керек, осындай нақты міндеттер қойылған. Сондықтан да бұл бізді алға бастайтын тұжырымдама деп айтуымыз керек.

Жаңа бағдарлама кедейлердің санын азайтып, өмір сапасын арттыруды көздейді. Бұл ретте әрбір азамат өзінен бастауы тиіс делінген құжатта. Өз үйінің, ауылының, өңірінің жағдайын, денсаулығын ойлағаны абзал.

 Сергей Худяков, «СҚО азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы:
– Елбасымыздың  мақаласында әлеуметтік және экономикалық жаңғырту мәселелерінің қозғалуы орынды деп есептеймін. Осы бағдарламада айтылғандай тұрғындар өз мүліктеріне деген жауапкершіліктерін сезінуі тиіс. Бұл мәселе көпқабатты үйдегі пәтерлердің иелері арасында көп кездеседі.

«Болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады»- деп түйіндеді өз сөзін Елбасы. Ендеше «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші барлығымыз ел игілігі үшін аянбай тер төккеніміз абзал. Сонда ғана алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз.

Айдана Демесінова