Қоғам

Сақтандыру мәселелері соттар тәжірибесінде

 

 

Соңғы он жыл ішінде елімізде сақтандыру қызметі дамып келеді. Кепілді сақтандыру төлемдерінің қоры мен экспортты сақтандыру жөніндегі мемлекеттік корпорация құрылып, міндетті сақтандыру түрлерінің тізімі ұлғайды. Бұл азаматтардың қауіпсіздігін арттыру, қоршаған ортаны зиянды заттармен ластанудан сақтауға, қауіпті, апат тудыратын өндірістік факторлардың алдын алуға бағытталған. Дегенмен заңнамада толықтай қамтылмаған мәселелер де жетерлік.

Ұлбосын Сүлейменова,  ҚР Жоғарғы сотының судьясы:
– Семинарда ерікті және міндетті, жеке және мүліктік сақтандырудың ерекшеліктері сөз болады. Сондай-ақ автокөлік иелерінің, тасымалдаушылардың және жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру мәселелері де талқыланбақ. Судьялар бір-бірімен өзара тәжірибе бөлісетін болады. 

Жиынға ғалымдар мен медиаторлардың қатысуы тақырыпты жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ GIZ бағдарламасының сарапшылары да өз тәжірибелерімен бөлісті. Германияда сақтандыру саласында тұрақтылық орнаған. Және бұл тұста германдықтардан үйренеріміз мол дейді жиынға қатысушылар.

  Ханс -Йоахим Шрамм,  Бремен университетінің профессор-ассистенті:
-Біздің елімізде сақтандыру туралы заң реформаланған болатын. Германияда сақтандыру нарығы өте бай десе де болады. Сіздерде де сақтандыру қызметі дамып келеді. Ал біз өзіміздің білгенімізбен бөлісуге әзірміз.
 

Жиынға қатысушылардың әрқайсысы өз тәжірибесінде кездескен сауалдарға семинар барысында жауап алуға үмітті.

Ғайша Сыздықова, Ақмола облыстық сотының судьясы:
– Елімізде міндетті сақтандырудың 4 түрі бар. Нысан иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, жұмыскерлерді сақтандыру, сақтандыру туралы заң 2003,2005 жылдары қабылданған болатын. Әлі талқылайтын мәселелер көп. 

Семинар 3 күнге жалғаспақ. Оның қорытындысы бойынша сақтандыру заңнамасын және сот практикасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар дайындалатын болады.

Инеш Шоқақова