Спорт

Ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиада аяқталды

 

 

Астана күнінде ат баптап, сәйгүлік жаратқан азаматтар да жануарларын сынау мүмкіндігіне ие болды. Облыстық спартакиаданың соңғы күні сайыкерлер ат жарысының 9 түрінен бақтарын сынады. Тартысты додаға қатысушыларға өңір жетекшісі Серік Біләлов сәттілік тіледі.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
«Ат ер қанаты» демекші қазақ халқы ежелден жылқы малына ерекше көңіл бөледі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде ұлттық спорт түрлерін насихаттау қажет екеніне баса назар аударады. Осы бағытта біздің облысымызда бірталай істер қолға алынды. Сіздерге бүгінгі жарыста сәттілік тілеймін. Мереке құтты болсын.  

Дүбірлі дода қазақтың ұлттық ойындары – «Қыз қуу» және «Жорға жарысынан» басталды. Ат жарысының ішінде мықтының мықтысын анықтайтын «Ұшқыр аттар» жарысы бар. Мұнда шабандоздар 2400 метрді бағындырды. Додаға сайланған 122 аттың бәрі асыл тұқымдылар. Сонымен қатар ұлттық ойындарда топ жарған спортшылардың есімдері де белгілі болды.

 Теміртас Әлжанов, төреші:
-Үш күн бойы көкпар жарысы өтті. Бірінші орынға Уалиханов ауданы ілекті. Екінші Тайынша, үшінші Ақжар командасы. Содан кейін “Аударыспақтан” бірінші орында Жамбыл, “Теңге алуда” есілдіктер бірінші болды.

 Жаңбыр жауып, біраз тоқтап қалған спартакиада күн ашылысымен қайта жалғасты. Жарыс алаңында кезектескен шабандоздар “Құнан бәйгеде” 1600 және «Жорға жарыста» 5000 метрді бағындырды. Сөйтіп “Құнан бәйгеде” Қызылжар ауданының сәйгүлігі топ жарды. Екінші орын Уалиханов ауданының шабандозына тиді. Ал үздік үштікті Ғ.Мүсірепов ауданы қорытындылады. Ал жергілікті тұқымды аттар жарысында айыртаулық шабандоз Райымбек Алпысовтың “Сүлік қарасы” күміс алқаға ие болды. Спортшының мұндай жарысқа қатысуы алғашқы рет емес.

 Райымбек Алпысов, жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:
– Осы жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Ауа райына байланысты айналымдарда жер саз болып, біраз кедергі жасады. Жарысқа қатысып жүргеніме 6 жылдай уақыт болды. Жаңа 10 шақты ат шапты. Онда үш ат іріктеліп шықты. Соның бірі менің атым болды.
 

Ал Жамбыл ауданына жалпыкомандалық есепте “Аударыспақтың” бас жүлдесі тиді.

Балтабай Рамазанов, Жамбыл ауданының өкілі:
Ұлттық жарысқа өз ауданымыздың намысын қорғап келдік. Міне жеңіс тұғырынан көрініп жатырмыз. Әрдайым жеңіске жетіп келеміз. Біздің команда мықты екенін тағы бір дәлелдедік.  

“Топ жарыс” пен “Аламан бәйгеде” бас жүлдеге облыс әкімінің сыйлықтары – екі темір тұлпар қойылды. «Газель» маркалы автокөлікті Есіл ауданының командасы жеңіп алса, жеңіл машинаны Айыртау ауданының шабандозы Арман Дабаровтың “Татра” есімді сәйгүлігі жеңіп алды.  

 Арман Дабаров, жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:
– Бүгінгі жеңісіме өте қуаныштымын. Мен өз жеңісіме сенімді болдым.  

Астана күніне орай өткізілген жарыс жұртшылықтың көңілінен шықты.

Бүгінгі жарыс жақсы өтіп жатыр. Маған ұнады.  

Ат жарыс та, басқа жарыстар да өте ұнады. Мағжан Жұмабаев ауданы ұнап отыр. Тек финалда шаршап қалған сияқты.
Бүгін үшінші күн тамашалып жатырмыз. Жауын да бізге кедергі болған жоқ.  

Жеңімпаздар өңір жетекшісінің сыйлығынан басқа диплом және кубокпен марапатталды.

Гүлбану Ахметова