Қоғам

Ұлттық-мәдени бірлестіктер қалалық саябақта ойын-сауық ұйымдастырды


 

Мерекелік шаралар қаламыздың мәдениет және демалыс саябағында да қанат жайды. Ән, би, күй, спорттық шаралар – барлығы мереке көркін қыздыра түсті. Сахнада өнер көрсеткен «Балқадиша» ансамблінің тамылжыта салған әні жиылған халықты тамсандырмай қоймады.

Роза Құсайынова, «Балқадиша» ансамбілінің әншісі:

-Көңіл-күйіміз жоғары, тамаша. Барлық қалалықтарға, облыс тұрғындарына мереке құтты болсын. Дендері сау, көргендері қызық болсын, Қаламыз көркейе берсін демекпіз.

Ал шешен-ингуш этно-мәдени орталығының өкілдері халық биі лезгинканы мың бұрала орындап шықты. Осы ұйымның өкілі Марем Мациева Қазақстан екінші отаным дейді. Осыдан үш жыл бұрын ол Ресейден Петропавл қаласына қоныс аударған.

Марем Мациева,  «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының мүшесі:

– Петропавл қаласы мен үшін өте ыстық. Бұл қалада әртүрлі ұлт өкілдерінен достарым бар. Барша қала халқына нұрлы аспан, жақсы көңіл тілеймін.

«Дуслык» татар-башқұрт этномәдени орталығы қаланың туған күнін «Сабантой» мерекесімен атап өтті.

Раиса Бикмухаметова, «Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының төрайымы:

– Биылғы жылы бізге мейрамымызға ортақтасуға Қазан, Астана қалаларынан қандастарымыз келді. Жалпы Сабантой мерекесін 1987 жылдан Қазақстан Халқы Ассамблеясымен бірлесе өткізіп келеміз. Осы мейрам арқылы достығымызды, елімізге деген жақсы ниетімізді білдіргіміз келеді.

Мерекенің ажарын күш сынасқан спортшылар аша түсті. Біреулері арқан тартысып жатса, біреулері гір көтеруден жарысқа түсті. Татар халқының ұлттық ойыны  белбеу күресінен де мықтылар анықталды. Мерекеге келген хылқтың көңіл-күйі де көтеріңкі болды.

– Барлығына денсаулық тілеймін. Қаламыз одан әрі әсемдене берсін. Келген қонақтардың да жақсы демалуына тілектеспін.
Петропавл қаласында 50 жыл тұрамын. Осы аралықта қаламыздың бой түзеп өсіп келе жатқанына куәмін. Одан әрі өсе берсін, барша халықты тамсандыра берсін.  

Мерекеден ит баптаушылар да сырт қалмады. Қала күніне орай «Приишимье-2012» иттер көрмесі ұйымдастырылды. Бұған еліміздің түкпір-түкпірі мен Ресейдің Қорған және Омбы қалаларынан әкелінген 100-ден артық төрт аяқтыны иелері баптап, жарысқа салды.  

 Ирина Подскребкина, «Барри» ит баптаушылар клубының төрайымы:

-Жарыс шарты бойынша, адамның төртаяқты досы тапсырмаларды мінсіз орындап, иесіне толығымен бағынуы тиіс. Қазылар алқасы олардың сыртқы сымбатын ғана емес, жүріс-тұрысын да бағалайды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар және арнайы кубокпен марапатталады.

Сібірлік хаски тұқымдасы көрменің алғашқы күнінің жеңімпазы. «Артик найт голубой звезды» атты саққұлақтың біздің өңірге бірінші келуі. Бұған дейін тек Астана қаласында ғана болған.

 Васиф Алекберов, ит баптаушы, Омбы қаласы:

– Итті баптап күтуге үлкен шыдамдылық керек. Ең бастысы оларды сүю. Ал хаси тектес төртаяқты өте ақылды, балаларды жақсы көреді.

Ал қасқыр тектес шығыс-еуропалық овчарка – облысымыздың мақтанышы. «Уалан Богатырь» республикалық сындардың жеңімпазы. Ол табиғат аясында дем алып, тәтті тағам жегенді ұнатады екен.
Итті көрмеге дайындау оңай шаруа емес. Бапкерлердің сөзімен айтқанда – инемен құдық қазғандай. Десе де жылдан жылға көрмеге қатысамын деушілердің қатары толығуда.

Әсел Күшенғалиева