Спорт

Қазақ күресін дамыту мәселелері талқыланды

 

 

Облыста мың жарымнан аса адам кәсіби спортпен шұғылданады. Негізгі бөлігі – ауылдықтар. Алайда туризм және спорт басқармасы мамандарының айтуынша, өңірде соңғы 2-3 жылдың ішінде күреспен айналысушылардың саны күрт төмендеген. Оған спорт турнирлерін жиі өткізбеу себеп болып отыр.

Марат Шамшінұров, республикалық ұлттық қазақ күресі федерациясының вице-президенті:

– Солтүстік Қазақстан облысында Еуропа чемпионы да еліміз бойынша жеңіске жеткен спортшылар да бар. Өкінішке қарай, бұл аз. Бүкіл Қазақстан бойынша салыстырса, сіздердің облысыңыз соңғы тұр.

Сондай-ақ, Марат Шамшінұров қазақша күреске қатысты бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Бізде аталған спорт түрімен айналысуға арналған зал жоқ және жоғары білікті тренерлер жетіспейді. Сондықтан  жиынға қатысушылар бұл мәселелерді бірлесіп шешу керектігін айтты.

Руслан Есеналин, облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы:

-Дзюдо бойынша біз біліктілігі жоғары Нұрлан Ерғазинов деген маманды шақырдық. Ел чемпионы атанған және әлем чемпионатына қатысқан бапкерлер бар. Тәжірибелері жақсы. Әлі де бірге жұмысты жалғастыратын боламыз.

Бұдан кейін қазақша күрестен өтетін облыстық турнирдің сыйлықтары жарияланды. Үшінші орын иесі 200 мың теңге алады, күміс жүлдегерге 400 мың беріледі, ал жеңімпаз чемпион белдігі мен 750 мың теңгеге ие болады. Жиынды қала әкімі және облыстық күрес федерациясының президенті Болат Жұмабеков қорытындылады.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Бізге адамдарды көбірек спортқа баулу керек. Сонда ғана біздің жігіттер тамаша нәтиже көрсетеді.

Алдағы уақытта қазақша күрес федерациясының өкілдері аталған спорт түрін олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізуге қол жеткізуді көздеп отыр.

Данаш Хамзина