Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда қала күні атап өтілді


 

Көпжылдық тарихы бар Петропавл бүгінгі күні Қазақстанда маңызды орын алатын қалалардың біріне айналды. Шаһардың туған күнінде қала тұрғындары мен қонақтары орталық алаңда жиылып, мерекелік концертті тамашалады. Қалың бұқараның қуанышына облыс әкімі Серік Біләлов ортақтасып, жиылған қауымды мерекемен құттықтады

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Петропавл қаласының тарихы терең. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлеуметтік-экономикалық саланы қолдауының арқасында біз көп жетістіктерге қол жеткіздік. Облыста жыл сайын қай салада болмасын оң жетістіктер  орын алуда. Түрлі ұлт өкілдері тұратын қалада қаламызда мәдени-тарихи ғимараттар бой көтерді. Қала тұрғындары үшін балабақшалар мен мектептер, медициналық мекемелер, сондай-ақ тұрғын үйлер салынуда.

Айтулы мерекеде ерен еңбегімен көзге түсіп, Петропавл қаласының даму жолында мол үлес қосқан солтүстікқазақстандық азаматтар облыс әкімінің марапатына ие болды. Оның ішінде 2 адамға Құрмет грамотасы, 2 жерлесімізге Алғыс хат табысталды. Ал Петропавл қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына «Нива» көлігі бұйырды. Петропавлдың туған күнімен жерлестерімізді қала әкімі Болат Жұмабеков те құттықтады.

 Болат Жұмбеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Біздің қала жоғары қарқынмен дамып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүктеген міндеттер  орындалып, барлық саладағы мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып келеді.  

5 жерлесіміз бұл күні Петропавл қаласының құрметті азаматы атағына ие болды. Олардың ішінде облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Бейбіт Мұстафина да бар.

 Бейбіт Мұстафина, облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:
– 40 жыл бұрын осы қалаға жап-жас бала болып келгенмін. Бүгінгі үлесімді сіздер өте жоғары бағалап отырсыздар. Бәріңізге көп рахмет! Мерейтойымыз құтты болсын! Барлық петропавлдық жанұяларға тілейтінім зор денсаулық, молшылық болсын, бақыт болсын, еліміз гүлдене берсін, қаламыз көркейе берсін.

  
Қаланың гүлденуіне септігін тигізген 10 адам алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ пәтер иелері кооперативінің төрағалары мен жастар ұйымдары арасында да үздіктер анықталды. Қала күні қарсаңында шаңырақ көтерген жас жұбайлар да елеусіз қалмады. Қала қонақтарының арасында Айтқожиндар жанұясы да бар. Түмен қаласының тұрғындары Петропавлға жиі келетін көрінеді. Олар қаланың жыл сайын дамып, көркейіп келе жатқандығын айтуда.

 Сарекбай Айтқожин:
– Петропавл өсіп келе жатыр. Бір-бірімізге жақын болайық, ғұмырлы, бақытты болыңдар, Петропавл .

Азаматтардың бір тобы өнерлі жастардың ән мен биіне тәнті болса, енді біреулері көркем гимнастикадан қала біріншілігін тамашалады. 14 жасар Әлфия Сәлімбекова да жарыста өз мүмкіндігін сынап көрді.

  Әлфия Сәлімбекова:
– Бүгін қаланың мерекесі. Барлығын құттықтаймын. Мен 7 жыл көркем гимнастикамен айналысып жүрмін.
Бүгін қалалық жарыс өтіп жатыр. Соған мен қуаныштымын.

Сондай-ақ қала орталығында бірқатар көрмелер ұйымдастырылды. Онда жұртшылық назарына жергілікті суретшілердің еңбектері, қолөнер шеберлерінің жұмыстары және Петропавлдың бұрынғы көрінісі бейнеленген суреттер ұсынылды. Орталық алаңда жиылғандардың барлығы өздерінің әсерлері мен тілек-лебіздерін жеткізуге асықты.

 – Құрметті қала адамдары, қонақтар, бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Өте тамаша мереке. Өте қуаныштымыз осындай ұйымдастырып жатқандарыңызға. Денсаулық болсын, байлық болсын, ынтымақ болсын, жақсылық болсын!
Құрметті қала тұрғындары, сіздерді құттықтаймын қаланың туған күнімен! Барлығына тілейтінім зор денсаулық, жұмыстарыңыз жемісті болсын! Аспандарыңыз ашық болсын! Біздің Қазақстан гүлдене берсін!

 Айдана Демесінова