Қоғам

Мереке күнгі ойын-сауық бағдарламалары

 

 

Астана! Сен деген туған елдің жүрегісің,
Өзінен бастау алар өрелі ісім.
Шаһарлар толып жатыр, бірақ та сен,
Бәрінен бірегейі, бөлегісің.
Еліміздің бас қаласы – Астана барша қазақстандықтардың мақтанышына, сүйікті қаласына айналған. Әр азаматтың Елордаға деген ықыласы ерекше. Мұны жұртшылықтың елдігімізді ұлықтайтын ерекше мереке күні орталық алаңға бір адамдай жиналуынан-ақ байқауға болады. Бұл жерде таңғы сағат оннан бастап түрлі жарнамалық акциялар өткізілуде. Суреттер байқауы мен көрмелерге қатысамын деушілерге де мүмкіндік зор. Сәулесін шашқан күннің көзі, жарқын түстер және ашық аспан. 4 жасар Фатима Даирова өз суретінде елдегі бейбітшілікті бейнелеуде.

Фатима Даирова:
–  Мен күннің көзін салдым. Адамдарды да. Бәрін Астана күнімен құттықтаймын.

Өз қиялдарын қағаз бетіне емес, асфальтта суреттеген бүлдіршіндер де бар. Бәрінің тақырыбы бір – Жас Астананың әсем келбеті. Мұндай байқауға қатысушының ешбірі сыйлықсыз қайтпады.

Ирина Паламарчук, облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры:
Біз бұл жерде Бәйтеректі, Астана қаласындағы зәулім үйлерді көре аламыз. Балалар өздеріне ерекше ұнаған ғимараттарды суреттейді. Байқауымыз «Астана балалар көзімен» деп аталады.  

Ал ән мен биге жақындар үшін мәдениет және демалыс саябағына кіре берісте «Астана – бас қала» атты балалардың мерекелік бағдарламасы ұйымдастырылды. Жеткіншектердің бірі ән шырқаса, енді бірі жиылған қауымды бимен тәнті етті.

Бұл күні әрбір тұрғын өзіне жақын іс тауып, көтеріңкі-көңіл күйде болды.

Бүгін біз үшін өте маңызды мереке. Астанаға тек жақсылық тілеймін.
– Астана-бас қаламыз. Ол жылдан-жылға көркейіп келеді.
– Астана күні құтты болсын.

Сондай-ақ мерекеден шет қалмаған жұртшылық қалалық өнер ұжымдары әзірлеген «Әлемге мақтан етемін Астанамды» концертін де тамашалай алды.

Инеш Шоқақова