Қоғам

Эстрада жұлдыздары Петропавлда өнер көрсетті

 

Мерекелік думан күн бата қыза түсті. Қалалықтар мен облыс орталығының қонақтары мерекелік концертті  тамашалады. Петропавлдың туған күніне арнайы шақырылған Қазақстанның эстрада жұлдыздары Бибігүл Ысқақова мен «All-Davai» тобы кештің ажарын аша түсті.

Жерлестеріміздің сүйікті орындаушыларының бірі «All-Davai» тобы қаламызға алғаш рет келіп тұрған жоқ. Қыстың қаһарлы күнінде де солтүстікқазақстандықтар үшін өнерін паш еткен. Ақ қайыңдар өлкесінің жастары бізді әрдайым құшақ жая қарсы алады дейді Данияр мен Шухрат.

 Шухрат, «All-Davai» тобының әншісі:
-Өткен жолғыдан жақсы әсер алдық. Күннің суығына қарамастан халық тарамай, соңына дейін біздің әндерімізді тыңдады. Сондықтан осы жолы да қуана-қуана сіздердің қалаларыңызға келді.
Данияр, «All-Davai» тобының әншісі:
-Петропавл – әсем қала. Адамдары да жақсы. Біздің әндерімізді сүйіп тыңдайтындары көрініп тұр. Күзге дейін тыңдармандарымызды жаңа 3 клиппен қуантпақ ойымыз бар.

Қала күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт жерлестеріміздің көңілінен шықты.

-Петропавлдың тұрғындарын бүгінгі қаламыздың мерекесімен құттықтаймын. Барша жанұяға бақыт, баянды ғұмыр тілеймін. Ұзағынан болсын осындай мерекелер!
-Қызылжар қаламыздың 260 жылдық тойы болып жатыр. Сол барлығымызға қайырлы болсын! Қаламыз жасай берсін! Концерт өте ұнап жатыр.
-Барлықтарын бүгінгі мерекемен құттықтаймын шын жүректен.
Тілейтінім барлықтарына зор денсаулық, осындай мерекеде жүре беріңіздер. Осында жүрген себебім «All-Davai» концертін көруге келдім. «All-Davaiдың» келгеніне қуаныштымын.

Жылдан жылға шаһарымыз көркейіп, дамып келеді. Соңғы жылдары бой көтеріп жатқан жаңа нысандар оған айғақ. Петропавл қаласының 260 жылдығын тойлаған жерлестеріміз кешкісін театр алаңына да жиылды. Халықтың көңіл-күйінің күні бойы көтеріңкі болуына жақсы ән мен әсем би септесті. Мейрам мерекелік отшашумен аяқталды.

Айдана  Демесінова