Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астана күні Петропавлда кеңінен тойланды

  

Еуразия жүрегінде, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қанаты талатын  кең байтақ қазақ жерінің кіндігінде орналасқан еліміздің бас қаласы – Астана биыл 14 жасқа толды. Айтулы күнді барша қауым ерекше көңіл-күймен, үлкен қуанышпен атап өтуде. Аспаны ән-күйге бөленген Петропавл тұрғындары мен қонақтары бұл жолы да естен кетпес қызықтың куәсі болды. Есіл өзенінің жағасында көш түзеген қазақтың кіндік қаласының құрылған күні маңызды мейрам, тарихи оқиға. Жүздері бал-бұл жанған қала тұрғындары мен қонақтары күн санап гүлденіп, бой түзеген әсем шаһардың тойын ұлықтауға асық. Жиналған қауымды атаулы күнмен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады. Салтанатты жиында өңіріміздің дамуына сүбелі үлестерін қосқан бірқатар солтүстікқазақстандық азамат облыс әкімінің құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталды. Мерекеге орай елорданың құрдастары, ел намысын асқақтатып жүрген майталман спортшылар ақшалай сый-сияпатқа ие болды. Ал “Қызылжар” ФК аяқ доп шеберлеріне өңір жетекшісі су жаңа автобустың кілтін табыс етті.  Ерекше құрметке бөленген саясаткер, дәрігер, ұстаз, спортшы әрбірі өз ісінің хас шебері. Бәрі де қошеметке лайық, еліміміздің нағыз елжанды азаматтары. Ал өңіріміздің өнер ұжымдары болса мерекеге ортақтаса келген қауымға құттықтауларын ән-жырмен жеткізді.  Кейін өңір жетекшісі М. Жұмабаев көшесінің бойында қаз-қатар тізілген киіз үйлерді аралады. Мұнда ” Бал қымыз” байқауы ұйымдастырылды. Қымыз – ежелден келе жатқан емдік қасиеті зор дәруменді сусын. Ғ.Мүсірепов ауданының ауыл еңбеккерлері байқауға қасиетті сусынның 5 түрін ұсынып жеңімпаз атанды. Өзімен қуаныш пен шаттықты ала келетін жаз маусымындағы үлкен мерекені жұртшылық асыға күтеді. Бәрінің айтары бір  – егеменді елдің Ақордасының еңсесінің тіктелуі барша жұртты ырысқа кенелтіп жатыр.
   Астана күніне мемлекеттік мәртебе 2008 жылы берілді. Содан бері бұл мейрам бүкіл Қазақстан көлемінде аталып өтуде. Бүгін шілденің 6-сы Петропавл жұрты жаздың жайма шуақ күнінде жарқын мерекені тойлауға шықты. Астана еліміздің бас қаласы болғалы беделі мен маңызы күннен-күнге өсуде. Өзге ел өкілдерінің елордамызға қарап тамсанатыны рас. Ерекше үлгіде салынған зәулім сарайлар көздің жауын алады. Бас қала –  тыныштық пен тұрақтылық үйлескен Қазақстанның мақтанышы.
Бүгін халықтың мерекелік көңіл-күйі жақсы сезілді. Бабахан Өсіпов өзін бақытты әке деп есептейді. Елде бейбітшілік бар. Балалары Елордасы – Астанада тұрып жатыр. Ел болашағы жастардың қолында. Шакет Ажданова келешекте өмірін Астанамен байланыстырғысы келеді. Ал Тимур мен Маралды Қанапияновтарды Астана тоғыстырған. Петропавлдан барып Астанада қосылған екі жас бас қалада қалуды жөн көріпті.Астана қаласының 6 жасар тұрғыны Айлана да осында жүр.  Астана мен Петропавлдың арасындағы байланыс осындай. Елорданың туған күнін дүркіретіп атап өтуге бар жұртшылық атсалысты. Ал өнер ұжымдары мейрамға жиналғандар алдында  Елорда, туған жер туралы ән шырқап, би биледі. Жұрттың көңілі шат-шадыман. Осындай жарқын мереке жоғары деңгейде өтіп жатқанына халық риза. Қалалықтар Қазақстан жұртына жүректен шыққан жылы-жылы тілектерін жолдады. Әлемдік деңгейдегі өнер  жұлдызы Нестор Александр Хэддуейдің келуі қалалықтар үшін  тіпті, күтпеген сыйлық болды.

Жеңіс Ермұқанов, Данаш Хамзина