Мәдениет

Суреттер көрмесі қала күніне арналды

 

 

Көрмеге барлығы бейнелеу өнері мұражайы қорынан және жергілікті суретшілердің 100-ден астам туындылары қойылған. Петропавлдың көрікті жерлері мен өңірдің әсем табиғатын өз қылқаламымен сөйлеткен суретшілердің бірі Валерий Савельевтің мұнда 4 еңбегі қойылыпты. Оның «Кешкі Петропавл» деп аталатын  туындысы 1998 жылы салынған.

 Валерий Савельев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
-Есімде қалғаны, кешке қарай музыкалық училищеден кезекті сабақтан шығып келе жатқан кезім болатын. Жаңа ғана жауып өткен жаңбырдан кейінгі қаланың көрінісі маған қатты әсер етті. Сол әдемі бейнені қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.

Одан өзге көрмеге Сергей Райхенбергтің өткен ғасырдың 50-жылдары салынған «Петропавл бекінісі», «Есілдің тасуы» атты суреттері қойылған. Сонымен қатар Анатолий Бургаевтың «Теміржол вокзалын безендіру», «Ескі қала» сынды еңбектері қаланың көпжылдық тарихынан сыр шертеді.

 Жібек Жүзенова, облыстық бейнелеу өнері мұражайының экскурсия жүргізушісі:
– Біздің қаламыздың 260 жылдығына арналған жаңа көрме ашылды. Бұл жерде біздің жергілікті суретшілер Анатолий Бургаев, Вячеслав Смирнов, Руслан Абдрафиков, Алтын Кәрімова сияқты белгілі суретшілердің туындылары орын алды. Қала тұрғындарын осы мерейтоймен құттықтай отыра, көрмені тамашалауға шақырамыз.

Көрме жаздың соңына дейін жалғаспақ.

Әспет Әбдірешова