Қоғам

Петропавлда өтетін мерекелік шаралар

 

 

 

Астанамыздың туған күнін петропавлдықтар әдеттегідей бар сән-салтанатымен тойлайтын болады. Негізгі мерекелік шаралар 4 нүктеде өтеді деп жоспарланған. М. Жұмабаев көшесінің бойында киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүр насихатталмақ. Шағын ауылда “Жібек жолы” атауымен қолданбалы қолөнер бұйымдары қойылып , “Бал қымыз” байқауы ұйымдастырылады. Астықты өлкенің берекелі дастарханы жайылмақ. Мерекеде Қазақстан эстрадасы  жұлдыздарының концерті де жоспарланған.

 Аян Садаев, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
– Орталық алаңда «Астанаға гүл тарту етемін» суреттер байқауы, «Елорданы әлемге мақтан етемін» концерті өтеді. “Бейбітшілік пен жасампаздықтың  астанасы”, “Тәуелсіз Қазақстанның жүрегі” атты танымдық көрмелер өтеді. Сағат сегізде “Дервиши” тобы концерт беріп би кеші ұйымдастырылады. Орталық саябақта негізінен балдырғандарға арналған мәдени және қайырымдылық шаралары жоспарланған.
 
Ал Пестрое көлі маңындағы “Солтүстік  жұлдызы” саябағында петропавлдықтар мен қала қонақтарын салауатты өмір салтына тарту көзделген. «Қарасай» стадионында жерлестерімізді басты сый күтеді. Астана күніне орай Петропавлда аты әлемге әйгілі Haddaway республикадағы жалғыз концертін береді.

 Руслан Кац, “IB-Records” компаниясының өкілі, Санкт-Петербург:
– Біз әлемдік промоутерлік компаниялармен тығыз жұмыс жасаймыз. Аты ағызға айналған Haddawayдің өзі жаңа жеке бағдарламасымен бас қала күнімен солтүстікқазақстандықтарды құттықтайтын болады.
Таңдау Петропавл қаласына түсті. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге шақырамыз. Шілденің алтысы сағат 19:00 «Қарасай» стадионында күтеміз. Билеттердің құны 3 мың теңге. Орындар шектеулі, асығыңыздар.  

Бұл күнгі қызыққа толы шараларды мерекелік отшашу тұйықтайды.
Спорттық додалар шілденің 7-і күні де жалғасын табады. Орталық алаңда қазақша күрестен өңірлік “Қызылжар Барысы” атты түйе палуандар тартысы өтеді. Әр ауданның мықтысы боз кілемде бас жүлде үшін белдесетін болады. Кейін аға буын өкілдерінің би кеші жастардың есірткіге қарсы акциясына ұласады.

Аян Садаев, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
Қала күні сағат таңғы 11де орталық алаңдағы салтанатты шарадан бастау алады. Бұл жерде жергілікті қылқалам шеберлері, ақын-жазушылардың және фотосуретшілердің туындылары қойылған көрмелер ұйымдастырылады. Егіздер шеруі, жас дарындар және “Миссис Қызылжар» байқаулары өтеді.  

Ал мәдениет саябағына үйымдастырушылар ретро әндер, Қазақстан халқы Ассамблеясының кештеріне шақырады. Жерлестерімізді ” Ал-давай” тобы әсем әндерімен құттықтайтын болады. Мереке от шашуға ұласады.

Жеңіс Ермұқанов