Балалар

Өңірде 500-ден артық студент маусымдық жұмысқа тартылды



 

Жуырда өңірімізде өткен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінде солтүстікқазақстандықтар студенттік еңбек биржасын құруды ұсынған болатын. Белсенді жастардың өтініші жергілікті басшылықтың қолдауын тапты. Басты мақсат еңбекке жарамды жастарды оқуынан бөлмей, демалыс уақытында маусымдық жұмысқа тарту. Пилоттық жобаны жетілдіру ішкі саясат басқармасы мен жастар ресурстық орталығына жүктелді.

Сергей Белов, “Активная молодежь” ЖҚБ жетекшісі:
Осы уақытта байқағанымыз жастардың көбі кәдімгі қарапайым дүниелерден бейхабар. Түйіндемені дұрыс толтырудың өзі маңызды. Мекеме басшысымен кездескенде өзін қалай ұстау керек. Көп жағдайда қажетті ақпаратты дұрыс алмағандықтан еңбек орнында тұрақтамайды. Осы мәселелерді шешудің жолдарын үйретеміз.

Жаңадан құрылған әлеуметтік қызмет өз жұмысын сәуірдің 12-сі күні бастап кетті. Жұмыс ұсынушылар мен жастарды біріктіретін ұйым 9 бағыт бойынша іс атқарып жатыр. Бүгінде демалыс уақытында еңбек етіп, табыс тапқысы келетін 1245 студент  базаға тіркелді. Оның 500-ден астамы еңбек биржасының көмегімен екі қолға бір күрек тауыпты.

 Сергей Белов, “Активная молодежь” ЖҚБ жетекшісі:
 – Студенттердің көбі жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп табыс тапқысы келеді. Білек күшін талап ететін шаруаларды тындырудан қашады. Мәселен жол жөндеу жұмыстарына бос орындар бар деп жүргенімізге бір ай болды. Ешкім барғысы келмейді. Жалақысы жаман емес. Жұмыс беруші бір айлық еңбегіне 60 мың теңге төлеуге әзір.  

Ақпараттық жүйе өз ішінен салаларға жіктеліп, мәлімет жиналған тізім жаңартылып тұрады. Бүгінде 1258 бос жұмыс орны бар. Бірақ дәнекерлеуші, құрылысшы, кондуктор, сатушы сынды қызметтерге таңдау түсіп, бауыр бұратындары шамалы. Енді бір мәселе көбіне табыс көзін іздеушілердің ұсынысы мен мекеме басшыларының сұранысы сәйкес келе бермейді. Негізінен жоғары білім мен еңбек өтілінің ұзақ болуы талап етілетін көрінеді.

 Лариса Доркина,  “Доркина” ЖК директоры:
Студенттік биржамен қарымқатынасымыз жақсы. Олар бізге 60-қа тарта студентті жіберді. Оның жартысына жуығы бүгінде бізде табысты еңбек етіп жатыр. Болашақ мамандар шыңдалып, білімдерін нығайту үшін тәжірибе жинақтау керек. Сондықтан бұл бастаманы толықтай қолдаймын.  

Соңғы мәліметке сүйенсек жаңа әлеуметтік қызметтің базасында мыңнан артық кәсіпкер бірлесіп екі жаққа да тиімді әріптестік орнатуға әзір екен.

Жеңіс Ермұқанов