Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елорда туған күніне дайындалып жатыр


 

1997 жылы желтоқсанның 10-жұлдызында Президенттің астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі жарлығы шыққан. Ал бас қалаға Астана атауы 1998 жылы берілді.  Орынбор, Қызылорда, Алматыны жағалаған Алаш баласы ғасыр айналып қазығын тапты. Арқа төрінен астананың қадасын қағып, еңселі Елордасын көтерді. Бүгінде  Қараөткел өңірінде, ерке Есілдің жағасында  әсем Шаһар пайда болды. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін бас қаланы мақтан тұтады.

 Рахима Смайылова, зейнеткер, Астана қаласының тұрғыны:
– 15 жыл бұрын көшіп келгенімде бұл жерде ештеңе болған емес. Қазір қарасаңыз көз тойғысыз қала болды. Бұған өте мақтаныш етеміз.

Осылайша Елбасының көрегенділігі қазақты сара жолға салып, ел көшін өрге сүйреп келетіндігін кім болсын мақтанышпен баяндайды. Ернар Мыңбай болса бірер жыл бұрын сүйіктісі Қалиманы ертіп әбден бой түзеп қалыптасқан айбынды астанаға көшіп келіпті. Бүгінде жас отбасы бас қалада шаңырақ құрып, түтінін түтетіп үлгерді. Елордада Жәңгір есімді ұлды сүйген бақытты жанұя болашағын осы қаламен байланыстырады.

 Ернар Мыңбай, Астана қаласының тұрғыны:
– Астанаға жас жанұя болғасын жұмыс бабымен келдік. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасаймыз. Баламыз осында дүниеге келді. Бізге мұнда бар жағдайлар жасалған. Үкімет тарапынан үй берілді. Осының бәрі мемлекеттің қолдауының арқасы. Келгенімізге өкінбейміз. Біз бақытты жанұямыз.

Тұрғындардың қарасы жылдан-жылға артып келеді. 1989 жылы жүргізілген санаққа сенсек, 281 мың адам болыпты. Ал биыл елордалықтардың қатары 743 мыңға жетіп қалған. Астана – Тәуелсіздіктің жемісі. Барша жастың арман қаласына айналған.

 Нұрәлі Арғынбаев, студент, Талдықорған қаласы:
– Жастарға бар мүмкіндіктер жасалған, білім алуға, оны шыңдауға. Өзіңді қалыптастырып, мүмкіндігіңді сынау үшін жұмыс орындары көп. Мен Талдықорғаннан осында тәжірибеден өтуге келдім. Астана өзіме қатты ұнады. Болашағы үлкен. Оның дамуына өз үлесімді қосатыныма сенімдімін.

Елорданың қалыптасу жолдарын бүгінгі ұрпақ сезініп мақтанышпен “Менің Астанам” деп айтады. СҚО тумасы Анеля Байғабұлова білімі мен  мүмкіндігін сынамаққа 2 жыл бұрын бас қалаға жол тартыпты. Бүгінде Еуразиялық банктің белді маманы атанып отыр.

 Анеля Байғабұлова, Астана қаласының тұрғыны:
– Петропавлдағы СҚМУ тамамдағасын Елордаға жұмыс іздеп келдім. Талпынған жас мұнда міндетті түрде діттегеніне жетеді. Болашағымды осы қаламен байланыстырғым келеді. Астанада екінші жартымды тауып, отбасын құрдым. Керектің бәрі осында. Мүмкіндікті пайдаланып енді бір жоғары білім алуды көздеп отырмын. 

Астана-толассыз түлеу, дамылсыз даму үстінде. Халықтың саны өскен сайын, қаланың да аясын кеңейту керек болып тұр. Соңғы үш жылда 4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2020 жылға дейін 79,9 мың шаршы метр кеңсе, 14 мың 384 пәтер салынбақ. Соңғы он жылда Астананы аяқтандыруға 3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. 2016 жылға дейін тағы 2 триллион теңгеге арттыру көзделген. Бұл қыруар қаржыға сәулеті мен сәні келіскен елдің ордасы еңсе тіктеді.

 Мария Пачевская, Астана қаласының тұрғыны:
– 15 жасымда Целиноградқа оқуға келдім. Кім ойлапты ешқайда көшпей-ақ зейнет жасымды еліміздің бас қаласында өткізетінімді. Алатау баурайынан Арқаның төсіне Астана көшетініне сенбеп едім. Бүгін міне елорданың қызығын көріп отырмын. Қысқа уақыттың ішінде кішкентай қала танымастай өзгерді. Астана жалғыз өзі көркейіп жатқан жоқ. Бүкіл Қазақстанды ырысқа кенелтіп жатыр. 

 Елорданың туған күні биыл да жылдағыдай кең көлемде атап өтілмек. Мерекелік шаралар әдеттегідей “Атамекен” этно-мемориалдық кешенінде ел Президенті Н.Назарбаевтың Мемлекеттік Туды 111 метр биіктікке көтеру салтанатынан басталады. Негізгі думан дәстүрге сай “Мыңжылдықтар тоғысында Астана арқауы ” атауымен өтеді. Мейрам ұмытылмастай болу үшін қонаққа есімдері әлемге танымал өнер саңлақтарын шақыру дәстүрге айналған. Биыл “Астана  – түркі мәдениетінің астанасы” деп жарияланды. 29 маусым – 8 шілде аралығын қамтитын мәдени шара түркі өркениетін жан-жақты көрсетеді. Оның аясында 32 киіз үй тігілген этноауыл құрылды.

 Сланбек Тәуекел, режиссер:
– Осы ауылдың ішінде көне тарихымыздан келе жатқан көне жәдігерлер мен қазақ халқына байланысты әдет-ғұрыптар көрсетіледі. Қазақтың 500танымал таңдаулы әртісі қатысады. Есіл өзенінің бойында «Ырғақ ағысы» деген классикалық фестиваль өтеді. Еуропадан өнер қайраткерлері келіп концерт береді. «Тасада қалған таланттар», «Жұмбақ айтысы» өтеді. 

Бұл бір нүктеде ғана ұйымдастыру көзделген шаралар. Мереке күндері қаланың әр ауданында сахна тұрғызылып сауық құрылатын болады. Өстіп мерекелік думандарға қатысқан жан қалауын таппай кетпейді.

Жеңіс Ермұқанов