Спорт

Ұлттық ойындар спартакиадасы

 

 

 

Этнограф-ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындардың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықтан бастау алады. Көне ойындардың бірі – көкпар. Оның атауы “Көк бөрте” немесе лақ деген сөзден шыққан. Қазіргі таңда “Көкпар” қазақ ішінде ғана емес, Орталық Азия халықтары арасында кең тарап кеткен. Ал  бүгін жергілікті ипподромда қазақтың ұлттық ойындарынан облыстық спартакиаданың екінші кезеңі өтуде. Тартысты додаға 12 команда қатысып жатыр. Алғашқы болып алаңға шыққан Тайынша мен Айыртау ауданы құрамаларының дайындықтары жақсы. Былтыр бас жүлдені тайыншалықтар жеңіп алған екен. Міне тартысты дода басталып кетті. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ, қазандыққа серкені Тайынша ауданының спортшылары салып үлгерді. Сөйтіп, ойынға берілген 20 минуттың ішінде Айыртау ауданының қазандығына қарсыластары тағы 2 рет серке салды. Есеп 3:0 мен тайыншалықтардың пайдасына шешілді.

Мақсат Азбаев, жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:
Қыс бойы дайындалдық, ауылдың балаларымыз. 12  болып келдік. Бүгінгі ойынға барымызды саламыз.  

Былтырғы ойында Уәлиханов ауданы 3 орында тұрақтапты. Биыл бас жүлдеден дәмелі екендерін жасырмайды. Самат Қажымұратов спорттың бұл түріне ден қойғанда не бары 6 жаста болған. Өткен жолы кеткен қателіктерімізді дайындықтар барысында пысықтап алдық дейді ол. Көкпардан бөлек Самат аударыспақтан облысымыздың 5 дүркін чемпионы атанған екен. Олар бүгін М.Жұмабаев ауданының спортшыларымен өзара мықтыны анықтаспақ.

Самат Қажымұратов, жарысқа қатысушы, Уалиханов ауданы:
Біз жұмасына екі рет дайындаламыз. Бұл қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынды ата-бабаларымыз ойнаған.  

Облыстық спартакиадаға барлық аудандардың спортшылары жиылды. Серкені тақымына салып, аттың үстінде жарысып жүргендердің бәрі өз ісінің шеберлері.Жарыстың бірінші кезеңі Есіл ауданында өткен. Әзірге Тайынша, Уәлиханов, Жамбыл аудандары көш бастап келеді дейді ұйымдастырушылар.

Теміртас Әлжанов,  төреші:
Есіл ауданында өткен спартакиадада тоғыз құмалақ, қазақша күрес, жекпе-жектен жарыс өтті. Бүгін аударыспақ, көкпар, теңге алудан бақтарын сынайды. Сосын ат жарысы басталады.  

Дүбірлі дода 3 күнге жалғаспақ. Жарыс жеңімпаздары шілденің 6-сында мереке күні мәлім болады.

Гүлбану Ахметова