Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ислам даму банкі солтүстікқазақстандықтардың экономикалық және әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға әзір

 

 

Жеке секторды дамыту жөніндегі  Ислам корпорациясы солтүстікқазақстандықтармен әріптестік орнатуға әзір. Жиында бірлесе жүзеге асыруға болатын жобалар талқыланды. Бірінші кезекте Ислам корпорациясының өкілдері біздің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Өңірде көлік-логистикалық орталық ашуға жағдай бар. Мұнымен қатар  элеваторлар, көкөніс қоймаларының желісін салу, қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыруға көмек керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Сондай-ақ балық шаруашылығында жүзеге асыруға болатын жобалар бар. Сырымбет кен орнын игеру бойынша да ұсыныстарды қарастыруға болады. Мұнымен қатар “Қолжетімді баспана” бағдарламасы бойынша “Оңтүстік” ықшамауданының құрылысын жүргізуге де қолдау керек. Өңірде Айыртау ауданында туризм саласын дамытуға мүмкіндік мол.

Сонымен, өзара тиімді әріптестік орнатуға болатын бағыттар жетерлік. Ислам корпорациясының өкілдері өзара тиімді серіктестік орнатуға ниетті.

Самир Таджиев, жеке секторды дамыту жөнiндегi Ислам корпорациясының ТМД және Шығыс Еуропа елдері бойынша өңірлік менеджері:
Біздің қызығушылығымыз үлкен. Облыстың әлеуеті зор. Ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларын дамыту керек. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен әріптестік орнатуға әзірміз. Барлық жобаларды зерттеп, қарастыруға мүдделіміз.

Ислам корпорациясының өкілдері облыста орта және шағын бизнесті дамыту бойынша қор құруды ұсынып отыр. Олар бұл бастаманы жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға дайын.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Жұмыс тобы барлық жобаларды он күн ішінде жіті зерттеп, дайындайды. Сосын оларды Ислам корпорациясына ұсынамыз. Бірлескен жұмыс жемісті болады деген сенімдімін. Әріптестік орнатуға ниеттіміз, болашағы үлкен жобалар бар. Оларды жүзеге асыруға қолдау керек.

Айымгүл Әбілева