Қоғам

Астана тарихына арналған кітап көрмесі

 

Астананың 14 жылдық тарихы кітап көрмесін құруға арқау болды. Елорда туралы айтатын әңгіме көп. Оның Астана болып аталғаннан бергі дамуы том-том болып жазылған. Оқырмандардың елорда тарихын білгені жөн дейді кітапханашылар.

Майра Әшімова, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі:

– Мұнда Н. Ә. Назарбаевтың “Еуразия жүрегінде” және Қазақстанға байланысты жеке саяси кітаптары, “Алматы” мен “Астана” баспаларынан шыққан тарихи кітаптарға кең орын берілген.

Сөреде Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының кітаптары бөлек қойылыпты. Өйткені Елорда тарихы мен дамуы туралы мол мәлімет осы  орталықтың кітаптарында жинақталған. Сондай-ақ, мамандар жаңадан жарық көрген “Астана” энциклопедиясының аса маңызды екенін айтады. Ал, шағын жол сілтеме кітабы – әсіресе, сырттан келген қонақтар үшін таптырмас анықтамалық құрал. Мұнда қаладағы барлық нысандардың сипаттамасы, мекен-жайы мен телефонына дейін жазылған. “Астана” деген үлкен альбом іспеттес еңбек елорданың алғашқы 5 жылдық мерейтойына орай шығарылыпты. Кітап 3 тілде жазылған.

Майра Әшімова, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі:

– Бұл кітапта қала дамуының 3 кезеңі: Астананың алғашқы ұйымдастырылу кезеңі, одан кейін Астана қаласының тарихы, яғни 5 жыл ішінде орын алған өзгерістер, сәулет өнері, мәдениетке байланысты және экономикалық маңызды жаңалықтар қамтылған.

Халида Меңдібаева  – кітапхананың тұрақты оқырманы, 45 жыл бойы осыдан кітап алып оқып, түрлі әдеби шараларға қатысып тұрады екен.

Меңдібаева Халида:

– Мен елордаға 1977 жылы Ақмола кезінде бір барғанмын, содан кейін 2009 жылы сапар шектім. Ғажайып қала. Маған кең көшелері мен Океанариум үлкен әсер берді. Бүгін Астана туралы тағы естіп, білгім келеді.

Сондай-ақ, оқырмандарға “Астана – Еуразия жүрегінде” фильмі көрсетілді.

Данаш Хамзина