Қоғам

Тұрғын үй құрылыс банкінде қаржы жинағандар қоныс тойына әзірленуде

 

 

Петропавл қаласының тұрғыны Жұмаш Нұрмағамбетов “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ салымшысы. Отбасын құрысымен жаңа баспанаға қаражат жинауға бел буған ол бүгін талпынысының алғашқы нәтижесін көріп отыр.

Жұмаш Нұрмағамбетов:

-Баспаналы болам деген жас жанұяға тұрғын үй жинақтаушы банкінің бағдарламасы үлкен көмек. Бұған өз басым көз жеткіздім. Ұсыныстары да өте тиімді, жылдық үстемеақысы 5-ақ пайыз. Қай қаржы институты бұндай мүмкіндік жасайды. 5 жыл бойы келісімнің бар талаптарын мүлтіксіз орындадық. Сондықтан пәтер таңдау кезегі бізге бірінші болып тиді.

Динара Нұрмағамбетова:
Біз күйеуіммен келісіп 3-ші подьездің 2 қабатындағы 38-ші пәтерді таңдадық. 1 бөлмелі баспананы өзімізге жайлы жерден алу мүмкіндігі туғанына қуаныштымыз. Жаңа үйде бақытты отбасын құратынымызға сенімдімін. 2 кішкентайымыз бар.

Нұрмағамбетовтар әулеті мен көршілері Интернациональный 4Г мекенжайында салынып жатқан 55 пәтерлі тұрғын үйде қоныс тойын тойлайтын болады. Таңдау жасалып келісімге қол қойылды. Бүгінде 5 қабатты үйдің тең жартысы көтеріліп қойылыпты. Құрылысшылар нысанды қарашаның 10-ы қолданысқа тапсырады.

Гүлмира Сатанова, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ:
Бізде бүгінде 8 мыңнан артық салымшы тіркелген. Келісімді бұзбай бар талаптарды мүлтіксіз орындағандарға баспана бірінші кезекте бөлінеді. Ол үшін белгіленген ұпай қорын жинау керек. Онда төлемнен бастап жалақы көлемі, отбасы жағдайы толықтай ескеріледі. Әзірге бұл үй бойынша екі пәтер иесіз қалып отыр.  

Саудаға салынатын пәтердің 1 шаршы метрінің құны белгіленген. Баға 90 мың теңгені құрайды. Басты талап баспана саудаға қойылғанша клиенттің есепшотында алатын үйінің жарты құны жатуы керек. Қалғанын банк несиелендіреді.

 Жеңіс Ермұқанов