Петропавл қаласының құрметті азаматтарының қатары толықты

Қоғам

15:21 3 Шілде 2012

Қалалық мәслихат депутаттарының қарауына бес адамға “Петропавл қаласының құрметті азаматы” атағын беру туралы ұсыныс түскен. Кезектен тыс жетінші сессияда қаралған негізгі мәселе осы болды.

Нұрсұлтан Байбақтинов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
Қалалық ардагерлер кеңесі, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы, кардиологиялық орталық, “Қазводхоз” “Есіл су” филиалы, “Фирма Леонтьев” ЖШС-нің ұжымдарынан 5 адамға “Петропавл қаласының құрметті азаматы” атағын беру ұсынысы түсті. Бұл атақты беру тәртібіне сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылды. Маусымның 26-сы жұмыс тобының отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша осындай ұсыныспен шығып отырмыз.

Бұл адамдар түрлі салада қажырлы еңбек етіп, өңіріміздің дамуына елеулі үлесін қосқан азаматтар. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь әр жылдары түрлі қызметте жүріп, облысты өркендетуге атсалысты. Ал дәрігер Бейбіт Мұстафина медициналық қызметтің сапасын жақсарту жолында көп жылдар аянбай еңбек етіп келеді. “Фирма Леонтьев” ЖШС-нің директоры Сергей Леонтьев кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Облыстық күрес федерациясының жетекшісі Бауыржан Құлжанов пен жоғары спорттық шеберлік мектебінің жаттықтырушысы Сергей Кручина бұл атаққа әбден лайық дейді депутаттар.

Жангелді Тәжин, қалалық мәслихат депутаты:
Олардың барлығы қаланың дамуына өз үлестерін қосқан азаматтар. Біз қалалық мәслихаттың депутаттары бұл азаматтарды қолдап өз дауысымызды береміз. “Петропавл қаласының құрметті азаматы” деген үлкен атаққа олар лайық.

Сонымен, отырыста депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Сондай-ақ сессияда халық қалаулылары бірқатар комиссиялардың жаңа құрамын бекітті.

Айымгүл Әбілева