Аптадағы маңызды жаңалықтар

Еуразия кіндігіндегі дәулеті мен сәулеті жарасқан Елорда

 

 

Еуразия кіндігінде орналасқан жаңа Астана аумағы толықтай кіретін Сарыарқа – Қазақстанның ірі физикалық-географиялық және табиғи-тарихи аймағының бірі. Шежіресі, табиғаты мен сәулеті жарасқан дара Елордамыз еңсесі биіктеген қалаға айналып, әлем жұртын көркімен тамсандырды. Төрткүл дүниені аузына қаратып, таңдай қақтыртқан – бас қаланы көрген де арманда, көрмеген де арманда. Әнеш Сламұлы Астана күніне орай Қытай ХДР арнайы келіпті. Күншығыс елінің тумасы көптің аузында жүрген керемет құрылыс мекенін өз көзімен тамашалап жүр.

 Әнеш Сламұлы, саяхатшы, Қытай елінің азаматы:
– Қазақ астанасы біз кітаптарда көріп оқып жүргендегіден әлдеқайда артығырақ екен. Көз-көңіл тоярлықтай ерекше астана екен. Қазақ халқының мәйегі де тірегі де болған деген осы. Енді атына заты сай Астана екенін ұқтық.  

Жақсыны – көрмекке. Тоғыз жолдың торабында орныққан Астананың тұғыры саяси, экономикалық, географиялық тұрғыдан алғанда байыппен таңдалған. Бұған талай сырт көз таң қалып жүр. Тіпті қазақтың қонақжайлық асыл қасиеті де Астананың тұрпатына сіңгенін канадалық саяхатшылар да байқапты.

Саяхатшы, Канада елінің азаматы:
Менің Қазақстандағы саяхат мерзімім Астананың күніне сай келгені қуантты. Өйткені мен былтыр алғаш рет осында болдым. Іссапарымда бас шахардың архитектуралық құрылысына ғашық болдым. Биыл Астананың тыныс-тіршілігімен жіті танысайын деп арнайы саяхаттап келдім. Халқы өте қонақжай, мейірімді. Мен мұндай жұмақ жерде бақытты ұлт өмір сүретініне көз жеткіздім.  

Дәулетті елорданың жарасымды кейпі, бүгінгі өмірдің талабына үндесе көтерілген ғимараттар әр жанды баурап алады. Сымдай бой түзеген көшелер мен зәулім үйлер, Сарыарқа төсін тіліп аққан Есіл қала көркін асқақтата түседі. Астана – мемлекеттің айнасы. Сондықтан өзге аймақтар бас қалаға қарап бой түзейді. Қазақстандықтар мұндағы кереметтерді көруге асық.

 –Жаңаөзеннен келдік. Көркейген Астана өте ұнады. Келесі демалыстарда да осында келуді ұйғардық.
Бірінші рет келіп Астананы тамашалап демалып жүрміз. Аз уақыттың ішінде керемет әсем қала болып жатыр. Көрікті жерлері көп. Жақсы әсермен үйге ораламыз.

Көз ілеспес қарқынмен салынған сұлу шаһардың көркіне көз тоймас талай ғажайыптары бар. Байтерек-жер жаһанды кейіптейтін әлем ағашы,   ұлт мақтанышы.  «Хан шатыры» Орта Азияда теңдесі жоқ сауда-саттық және ойын-сауық орталығы. Ол Елбасының бастамасымен халық игілігіне арналып салынған. Күнде 15 мың адам келеді екен. Астанаға ат басын тіріген қонақтың бірі де мұнда бас сұқпай қайтпайды.

 Бөбек Өтепбергенова, Маңғыстау облысының тұрғыны:
– Маңғыстаудан жазғы демалыста Астананы көрейік деп қызыммен келдім. Жыл сайын көркін тамашалап кетеміз. Жыл сайын гүлденіп жайнай бергеніне қуаныштымын.  

Еуразия кіндігіндегі келелі кеңестердің, мәдениеттің ордасы Астана елдігіміздің тұғыры, береке-бірліктің алтын діңгегі.

Жеңіс Ермұқанов