Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлға жүрдек поезд келді

 
 
Кеше Алматы-2 стансасынан шыққан жүрдек пойыз бар болғаны 18 сағаттың ішінде Петропавлға жетті. Мұндай жаңа бағыттың ашылуы солтүстікқазақстандықтар үшін үлкен қуаныш.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

– Сіздерді «Алматы-Петропавл» бағытындағы  жүрдек пойызының ашылуымен құттықтаймын. Біздің облысымыз ежелден тоғыз жолдың торабы саналады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен Кеден одағы құрылғаны белгілі. Сондықтан Астана және Петропавл қаласы күндері қарсаңында бұл оқиғаның болуы еліміз үшін аса маңызды.

«Жетісу» пойызы «Тұлпар -Тальго» вагондарынан жасақталған. Қозғалыс кестесі бойынша пойыз Сарышаған, Қарағанды, Астана, Бурабай, Көкшетау стансаларына тоқтайды. Екі техникалық, бір мейрамхана және «Турист» вагондары бар. Осы 19 вагон 256 жолаушыға арналған.

 Асхат Акчурин, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ вице президенті:

– «Тальго» вагондары жеңіл конструкцияға ие және соңғы технологиялар мен Қазақстанның климат жағдайлары үшін арнайы жасалған. Сонымен қатар, олар қалдықтарды жинауға мүмкіндік беретін вакуумдық тазартудың арнайы жүйесімен жабдықталған. Және де ауаға шығатын зиянды заттарды едәуір азайтады.

Енді Алматы-2 станциясынан Петропавлға шыққан жолаушылар 1 834 шақырымды бұрыныдай 30 сағатта емес, 18 сағатта жүріп өтеді. Пойыздың өзгелерден артықшылығын темір жол көлігі саласының ардагерлері де айтуда. Николай Сапладинов теміржол саласында 55 жыл қызмет атқарған. Қария көлік алысты жақындатады, жолаушыларға ыңғайлы дейді.

Николай Сапладинов:

Мен жұмыс жолымды ескі пойызда бастадым. Ал мына жүрдек пойыз атына заты сай екен. Ішінде жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Желдеткіш, биодәретхана, таза ауа. Барлығы көңіл қуантады.

Сондай-ақ поездың жұмыс кестесі де ыңғайлы. Ол күнара қатынайтын болады. Алматы-2 стансасынан тақ күндері шығып, Петропавл темір жол вокзалынан жұп күндері жолға аттанатын болады. Жүрдек пойыз билетінің құны жай күндері 11900 теңге болса, демалыс және, мереке күндері 14700 теңге. Бағасы өзге пойызға қарағанда жоғары болса да, құнын ақтайды дейді жолаушылар.

Татьяна Киль:

– Қайтар жолға билет алуға келген едім, әдеттегідей ұзын-сонар кезекте тұрып, билет жоқ болатын шығар деп ойлаған едім. Бірақ жаңа пойыздың шыққаны жайлы естіп, билет алдым. Бағасы бірашама қымбат болса да, вагондағы жайлылық соған сай болып тұр.

Бүгінгі таңда «Тальго» вагондарынан құрастырылған жүрдек пойыздар Алматы, Астана және Шымкент қалаларына қатынайды. Ағымдағы жылдың ішінде тағы бірнеше бағытқа осындай вагондарды жіберу көзделіп отыр.

Ақболат Жағыпаров, «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті:

– Осы жылдың ішінде 140 жолаушылар вагоны шығарылады.  Алматы-Петропавл бағытында тағы қосымша вагондар қосылады және Астана – Ақтөбе бағыты бойынша пойыз шығарамыз.  

Ал 2015 жылы Қазақстан бойынша тағы 8 жүрдек қатынасты ұйымдастыруды көздейтін бағыттардың логистикалық моделі енгізілетін болады.

Әсел Күшенғалиева