Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отанда” кәсіпкерлерге ақыл-кеңес берілуде


 

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын пайдаланып қалуға белсенділік танытуда. Соңғы 5 айдың ішінде 63 бизнесмен мемлекет қолдауына ие болды. Бүгін аталған бағдарламаның көмегіне жүгінгісі келетін іскерлер тағы да табылды. Наталья Веденина басшылық ететін дәмхананың көкөніс өсіретін 17 сотық өз жері бар екен. Алдағы уақытта шаруашылықтарын кеңейткісі келеді.

Наталья Веденина, кәсіпкер:

– Учаскені ұлғайтып, қой шаруашылығын дамытсақ дейміз. Бір отар қой алу үшін қаржы қажет. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарлама барын естіп, нақтылап сұрастыру үшін қоғамдық қабылдауға келдім.

Лариса Доркинаның компаниясы 14 жыл бойы сусын шығарады. Аяғынан нық тұрған кәсіпорын басшылығы мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұстарын байқаған.

Лариса Доркина, кәсіпкер:

– «Биснестің жол картасының» кәсіпкерлер үшін ұтымды тұстары көп. Несие шарттары да жеңіл. Бағдарламаға қатысқымыз келеді. Соған қандай құжаттар керек, қалай есептесеміз соны білуге келдім.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жергілікті кәсіпкерлер мен банк өкілдерінің арасында жақсы қарым-қатынас орнығу қажет деді. Сонда ғана жұмыс жемісті болып, біздің облысқа 2012 жылы бөлінген қомақты қаржы толығымен игеріледі.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

– Бірнеше несие қарастырдық. Кейбір жобаларға 1%-ға дейін несие беріліп жатыр. Бұл керемет жаңа мүмкіндік. Мұны кәсіпкерлер пайдалануы тиіс.

“Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары «Нұр Отанның» облыстық филиалында алдағы уақытта жиі өткізілетін болады.

Данаш Хамзина