Ауыл шаруашылығы

Облыста егістіктің 75 % ғана сақтандырылған

 

 
Әсіресе, құрғақшылық кезінде диқандардың еккені шықпай, еңбегі зая кетіп жатады. Осындайда ұтылған агроқұрылым басшысын алдын ала жасаған сақтық шарасы құтқарады. Яғни, шығынды сақтандыру қоры өтейді. Былтыр бұндай жағдай тіркелген жоқ дейді аумақтық инспекция мамандары. Өйткені өткен жылы жаңбыр жауып, молшылық болды. Биыл облыс диқандары егін себу науқанын маусымның 4-і аяқтады. Енді  агроқұрылым басшылары “Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру” заңы бойынша осы айдың 20-на дейін сақтандыру қорымен келісімге отыруы тиіс.

Марат Бекназаров, ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы бөлімінің бастығы:

-Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші 15 күннің ішінде сақтандыру қорымен келісіп үлгермесе, аумақтық инспекция оған тағы да қосымша бірнеше күн белгілеп ескерту жасайды. Егер ол жағдайда да шарт жүзеге аспаса, 400-1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Қазіргі уақытта 3 млн 73 мың гектар жер сақтандырылыпты. Бұл орындалған жұмыстың 75% құрап отыр.

Марат Бекназаров, ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы бөлімінің бастығы:

– Жамбыл, Аққайың, Тайынша және Тимирязев аудандары аса белсенділік танытуда. Олардың 100%-ға жуығы заңға сәйкес жұмыс істеді. Ал  М.Жұмабаев және Ақжар аудандары шаруаларының тек жартысы ғана өз мүлкін сақтандырды.

Аталған сақтандыру түрі дәнді және майлы дақылдар өсірген диқандарға ғана қатысты. Былтырғы жылы өз мүлкін сақтандырмаған Ғ. Мүсірепов ауданының бір шаруашылық иесіне 604 мың 800 теңге айыппұл салынған.

Данаш Хамзина