Қылмыс

Мал ұрлап дәніккендер ұсталды

 

 

Шал ақын ауданының бір-бірінен алыс жатқан Жаңаталап, Ибраев, Астаған, Қаратал ауылдарынан қойлар жоғалып отырған. Осылайша ауданның ішкі істер бөліміне 28 қойдың ұрланғаны туралы ақпарат келіп түскен. Іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшыларына ұрылардың Петропавл қаласында болуы мүмкін деген ой келеді. Кейін бұл іспен криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері де айналыса бастаған. Олар 2 күдіктінің облыс орталығындағы жалға алынған пәтерде тұрып жатқандығын анықтап, сезіктілерді қолға түсірді.

Азамат Тұрғынбаев, СҚО ІІД КПБ ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
-Шал ақын ауданының тұрғындары ұсталды. Екеуі де 1988 жылы туған. Осы азаматтардың біреуі мүліктік қылмыс үшін бұрын сотты болған және соңғы кезде Петропавл қаласында тұрып жатыр.

Тергеу барысында ұрлықтың түнде жасалғаны белгілі болды. Күдіктілер ойларын жылдам әрі алдын ала құрған жоспар бойынша іске асырып отырған. Ұсталғандар бір түнде 3 бас малдан қолды еткендерін мойындап отыр.

 Күдікті:

-Түнгі сағат 1-2 кезінде іске кірісетінбіз. Көлігімізді ауылдың сыртында қалдырып отырдық. Қойларды қорадан шығарып, көлігімізге салып, қалаға әкелетінбіз. 1 қойды 15-18 мың теңгеге саттық.  

Бүгінгі күні күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айдана Демесінова