Денсаулық сақтау

Санитарлық қызметтің оқу-жаттығуы

 

 
 
Оқу-жаттығу жұмыстарының жоспары бойынша “Астана-Петропавл” бағытындағы поезбен ішек инфекциясын жұқтырған адам келді. Болжам бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны жолда тырысқақ ауруымен науқастанған. Осындай хабар түскен соң барлық тиісті қызметтер темір жол стансасына жетті. Жедел жәрдем мамандары қауіпті ауруға шалдыққан сырқат адамды ауруханаға алып кетті. Онымен бір поезда болған өзге адамдарда тырысқақтың белгілері табылмады. Жолаушылар түсірілгеннен кейін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мамандары өз жұмыстарына кірісті. Олар вагонда дезинфекция жүргізді.

 

Назарбай Баймұратов, Көкшетау бөлімшелік темір жол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы:
– Оқу-жаттығу жұмыстарын Көкшетау санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының Петропавл қаласындағы бөлімшесі өткізіп жатыр. Мақсатымыз – мұндай оқу-жаттығу жұмыстары мамандарымыздың әрқашан кез-келген жағдайға дайын болуына көмектеседі.

Оқу-жаттығу жұмыстары тиісті деңгейде өтті дейді ұйымдастырушылар. Барлық қызметтер өз міндеттерін мінсіз орындап шықты. Олар өзара қарым-қатынаста әрекет етіп, нәтижелі жұмыс атқарды.

Юрий Пузиков, ҚР санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары:
– Барлық қызметтер өз жұмыстарын жақсы орындап шықты. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, жедел жәрдем, темір жол қызметкерлері өзара байланыста әрекет етті. Жалпы жолда инфекция жұқтырған жағдайлар кездесіп жатады. Тырысқақ – бұл ішек инфекциясы. Негізінен тамақ, су арқылы, не болмаса ауру адаммен қарым-қатынас жасаған кезде жұғады.

Мұндай оқу-жаттығу жұмыстары жылда өткізіліп тұрады.

Айымгүл Әбілева