Қоғам

Мүгедек әйелдерге арналған тренинг

 

 

Ләззат Қалтаева 7 жасында жол апатына ұшырап, екі аяғы сал болып қалған. Арбаға таңылса да жігері жасымаған қыз мүмкіндігі шектелген жандар қоғамнан шеттетілмеуі керек дейді. Осылайша ол 2001 жылы мүгедек әйелдер ассоциациясын құрған.

Ләззат Қалтаева, «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
Биылғы жылы осымен алтыншы тренинг өткізіп отырмыз. Біз бұған дейін Алматы, Талдықорған, Тараз, Павлодар, Көкшетау қалаларында болдық. Мүгедектік – бұл емделмейтін жағдай. Бұл жағдайда мүгедек адамды емес, оның қоршаған ортасын өзгерту тиімдірек болып табылады.

Қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеті – мүгедектерге көмек көрсетіп, ақыл-кеңес беру. Мүгедек әйелдер ассоциациясы құрылғаннан бері олар медицина қызметкерлері мен мүмкіндігі шектелген жандарға арнап барлығы 60-қа жуық тренингтер өткізген.

Аида Нажмутдинова, Мамлют аудандық орталық ауруханасының әлеуметтік қызметкері:
Өкінішке қарай бізде мұндай жұмыстарды жүргізу аса жақсы дами қоймаған. Бүгін көп нәрседен хабардар болдық. Алдағы уақытта мүгедектермен жұмыс істеуде бұл кеңестердің берер пайдасы мол деп ойлаймын.

Жалпы Қазақстан бойынша 250 мыңға жуық мүгедек әйел бар екен. Олардың әрқайсысына көмек көрсету мүмкін емес, дегенмен осындай тренингтер оларды рухтандырады дейді Ләззат.

Әспет Әбдірешова