Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізге табиғи газ келеді



 

Магистральдық газ құбыры Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының аумағы арқылы өтеді. Жалпы ұзындығы 820 шақырым. Біздің облыста газ құбыры 6 аудан – Тимирязев, Шалақын, Айыртау, Тайынша, Ғ.Мүсірепов және Есіл аудандарының аумағы арқылы тартылады деп күтілуде. 260 шақырым құбырдың диаметрі 720 мм болмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке солтүстік және орталық өңірлерді газбен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға кірісуді тапсырған болатын. Бұл өте маңызды жоба. Оны жүзеге асыру өңірді табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермекші. Бұл өз кезегінде халықтың, ең алдымен ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартады.

Жобаның қуаттылығы бірінші кезеңде жылына 1,5 млрд. текше метр болады күтілуде. Ал кейін 3 млрд.-қа жеткізілмек. Бұл көлем өңірлерді көгілдір отынмен толыққанды қамтамасыз етуге жеткілікті дейді “АстанаГаз” ЖШС-нің бас директоры Абай Садықов. Газ құбырының құрылысы келесі жылы сәуір айында басталады деп жоспарланып отыр. Оны бір жарым жыл ішінде аяқтау көзделіпті.

Абай Садықов,  “АстанаГаз КМГ” ЖШС бас директоры:
– Қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Қазірде сараптама жасалып жатыр. Жоба бойынша  175-180 млрд. теңгені құрамақ.  

Біздің облыста газ құбыры Тимирязев ауданы Ленин ауылдық округінен басталады деп межеленуде. Әрі қарай Сергеев, Саумалкөл, Келлеровкаға тартылмақ. Бүгінгі күні алда тұрған бірінші кезектегі маңызды міндет – газ құбырының қай жерде салынатынын нақты белгілеу керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Аудан әкімдеріне магистральдық газ құбырының құрылысы үшін жер учаскелерін таңдау актілерін беруді тапсырамын. Сондай-ақ “Қазгипронефтетранс” ЖШС-не аудандық маңыздағы автомобиль жолдары қиылысы үшін техникалық шарттарды дайындау керек.

Сондай-ақ Серік Біләлов тиісті ведомстволар басшыларына да бірқатар міндеттер жүктеді. Газ құбырын салуды бастау үшін қажетті барлық іс-шараларды жүйелі түрде қолға алу қажет.

Айымгүл Әбілева