Көлік және жолдар

Кәсіпкерлер жол жөндеуге көмектесуде

 

 

«Тайынша Астық» серіктестігі 45 шақырымға жуық, аудандық маңызы бар жолды қайта қалпына келтіру үстінде. Ол үшін қажетті техникалар сатып алыныпты.

Анатолий Рафальский, «Тайынша Астық» ЖШС директоры:
–  Жол мәселесіне биыл ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ол үшін холдингтың қолдауымен арнайы соңғы үлгідегі екі бульдозер, 3 автогрейдер сатып алдық. Зеленый гай, Ясная поляна, Вишневка селоларынан аудан орталығы Тайынша қаласына қатынайтын маңызы бар жолды қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы орындалды.

Теңдік ауылы мен Тайынша қаласының арасы 25 шақырым болады. Жол айрығы әбден тозып, жүруге жарамай қалған. Қазір бұл араны “Қаратомар” ЖШС өз қаражатына жөндеп жатыр. Ал серіктестік директоры Орынбай Әлжанов өткен жылы өз күшімен көпірді жаңартқан.

Орынбай Әлжанов, «Қаратомар» ЖШС директоры:
-Жауын – шашын болса аудан орталығынан Леонидовка селосына қатынау жұртшылықты әбігерге салатын-ды. Енді міне бұл аймақта «Степноишим сынақ станциясы» серіктестігі жұмыс жүргізуде.

Виталий Рафальский, «Степноишим сынақ станциясы» ЖШС директоры:
– Былтырғы толассыз жауған жауын мына жолдың бұзылуына себеп болды. Күніне 46 КАМАЗ қиыршық тас төселеді. Техника, қажетті материалдардың барлығы жеткілікті. Ауа райы қолбайлау болмаса, шаруаны толықтай екі апта уақыт ішінде тындыруды жоспарлап отырмыз.

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:
-Ауданның агроқұрылым басшыларымен арнайы кездесу ұйымдастырған болатынбыз, жолды қайта қалпына келтіруге байланысты. Олар менің бастамамды бірауыздан құптады. «Тайынша – Астық», «Қаратомар», «Әліби – Астық» сынды серіктестіктердің көмегі зор. Жалпы биыл 200 шақырымнан астам жол жөнделді.

Тайыншалықтар бұл жұмыстарды дер кезінде аяқтауды жоспарлап отыр.