Билік

Облыс әкімінің аудандарға жұмыс сапары

 

 

“Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-ң иелігіндегі алқапта егін әжептәуір көтеріліп қалыпты.  Арамшөпке қарсы амал қолданылған. Танаптың 70 пайызына жуығы гербицидпен өңдеуден өткен. Барлығы мұнда 168 мың гектарға дәнді дақыл себілсе, соның 124 мыңы – бидай.  Аққайың ауданында да бидай өскіні биік. “Астраханское” ЖШС химиялық өңдеуді аяқтауға жақын. Өкінішке қарай, шалғындық жағдайы мәз емес. Серіктестікте мал басы көп, сондықтан жем-шөпті қысқа жеткілікті қылып жинап алу үшін барлық іс-шаралар қолға алынбақ.

Владимир Зимин, “Астраханское” ЖШС директоры:

Қай жерде шабуға болады, соның барлығынан шөп жинамақпыз. Пардағы  учаскелерге шөп егеміз. Сосын оның өнімін тамыз айында аламыз.
 
Облыс әкімі Серік Біләлов “Полтавское” ЖШС-не соқты. Шаруашылықтың бас агрономы Ақылбек Мұхамадиевтің айтуынша, мұнда қазір жем-шөп жинау қызу жүріп жатыр екен.

Ақылбек Мұхамадиев, “Полтавское” ЖШС бас агрономы:  

– Бір жарым мың гектарға рапс ектік. Енді пішен шабуға дайындалудамыз. Мезгіл құрғақ болғандықтан, батпақты жерден де жинап алғымыз келеді. 300 гектарға тары сеуіп едік, өнімді болуы тиіс.

Өңір жетекшісі “Леонов” шаруашылығының танап басында болып, диқандармен әңгіме барысында жем-шөпті молынан жинап алудың маңыздылығын баса айтты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Барлық жерді, тіпті орман маңында да шөп табылса ору керек. 1-2 сиыр ұстап отырған, әлеуметтік аз қамтылған жандарға көмектесу қажет.

Сондай-ақ, өңір басшысы өз сөзінде шөп егуге парға қалтырылған алқаптарды да пайдалануға болады деді. Ал  “Совет СК” ЖШС -де астық та мол шығуы мүмкін әрі мал азығы да жақсы жиналып жатыр. Мұнда 11 мың гектар жерге дәнді дақылдар  себілген, әр  гектардан 7 центнерден шөп шабылуда.

Анатолий Штах, “Совет СК” ЖШС директоры:

Мал азығының 100 тоннасын әзірлеп қойдық. Негізінен шөпті құлатамыз, арнайы техника рулон қылып орап алады. Сосын пішен қораға үйеміз. Жұмысшыларға еңбегіне қарай пішен үлестіреміз.  

Ылғал жеткілікті болса, ырыс та көбейер. Солтүстікқазақстандықтар енді ылғалдың мол түсуін күтуде. 

Данаш Хамзина